30.07.2026, 20:30

TikTok-та тікелей эфир жүргізген бойжеткен қамауға алынды (ВИДЕО)

Фото: Видеодан алынған кадр

Полиция қызметкерлері оның жеке басын жедел анықтады.

Семейде полиция қызметкерлері TikTok желісінде заңға қайшы тікелей эфир өткізген бойжеткенді анықтады. Сот оны әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Абай облысының полиция қызметкерлері TikTok платформасындағы құқыққа қайшы тікелей эфирді анықтады. Эфир барысында бойжеткен балағат сөздер айтып, әдепсіздік көрсетті және есірткі қолданатынын мәлімдеген. Полиция қызметкерлері оның жеке басын жедел анықтады.

Құқық бұзушы Түркістан облысының тумасы, Семей қаласында уақытша тұрған 26 жастағы бойжеткен болып шықты. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, ол алкогольдік масаң күйде болған. Сот шешімімен ұсақ бұзақылық жасағаны үшін оған 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды, - деп хабарлады Абай облысының ПД баспасөз қызметі. 

Интернеттегі әрбір осындай тікелей эфир, заң мен қоғамдық тәртіпті бұзудың әрбір фактісі тиісті түрде құқықтық тұрғыдан бағаланып, тиісті шаралар қабылданады. Мұндай құқық бұзушылықтарды анықтау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Заң көшеде де, цифрлық кеңістікте де баршаға бірдей қолданылады.