31.07.2026, 10:40

«Алдымыздан өткен жоқ»: Ұлдананың анасы күйеубаласының үйленуіне қатысты пікір білдірді (ВИДЕО)

Коллаж: Sn.kz

Ол қызының заңды құқықтары мен мүддесін қорғау үшін соңына дейін күресетінін жеткізді.

Әлеуметтік желіде марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуаның өлімі мен оның бұрынғы жұбайы Зейнел Әділеттің арада сегіз ай өтпей қайта шаңырақ көтеруіне қатысты қызу талқылау жалғасуда. Көпшіліктің сауалдарына байланысты марқұмның анасы Салима Ершанкулқызы алғаш рет ресми мәлімдеме жасап, өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Салима Ершанкулқызының айтуынша, Әділеттің қайта отбасын құрғанын олар алдын ала білмеген және бұл мәселеге қатысты күйеу баласының да, оның ата-анасының да өздеріне келіп, пікір алмағанын айтты.

«Мен – Мырзуан Ұлдана Қалдарханқызының анасы Салима Ершанкулқызымын. Көпшіліктің өтініші бойынша осы мәлімдемені жасап отырмын. «Әділеттің бүгінгі әрекетіне қатысты алдымыздан өтті ме?» деген сұрақтар көп қойылып жатыр. Жоқ, ол да, ата-анасы да, үлкендері де бізге келген жоқ», – деді ол.

Марқұмның анасы қызының қазасына байланысты қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатқанын айтты. Оның сөзінше, қазіргі таңда Зейнел Әділет іс бойынша жәбірленуші ретінде танылған. Алайда ол бұл мәртебеден бас тартуы керек деп есептейді.

Сонымен қатар Салима Ершанкулқызы Ұлдананың өз қаражатына сатып алған автокөлік 2025 жылдың 18 қарашасынан 2026 жылдың 22 шілдесіне дейін Әділеттің иелігінде болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, көлік тек 22 шілдеде ғана марқұмның ата-анасының атына рәсімделген.

Сөз соңында ол қызының заңды құқықтары мен мүддесін қорғау үшін соңына дейін күресетінін жеткізді.