"Ертең оны қалдырып кетсем де, хейттің екінші толқыны басталады".
Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның жұбайы Әділет Зейнел әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен мәселеге қатысты алғаш рет пікір білдірді. Ол жұбайы қайтыс болғаннан кейін сегіз ай өткен соң қайта отбасын құрғаны туралы ақпарат тарағаннан кейін сұхбат беріп, өз ұстанымын түсіндірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әділет Зейнелдің айтуынша, оқиғаның басынан бері барлық процеске өзі қатысып, істі соңына дейін жеткізуді парыз санайды.
«Мен жәбірленуші болып қаламын. Осының барлығын мен бастаған соң аяқтағым келеді. Барлық жерге өзім бардым. Қазақта "бастаған ісіңді аяқта" дейді. Ертең оны қалдырып кетсем де, хейттің екінші толқыны басталады. Бірақ мен адамдардың сөзі емес, Ұлдананың естелігі үшін аяқтауым керек», – деді ол.
Сондай-ақ ол Ұлдананың отбасымен арадағы қарым-қатынас туралы да айтты. Оның сөзінше, ақпан айынан бері марқұмның туыстарымен байланыс үзілген.
«Наурыз айынан бастап арада түсініспеушілік туындады. Сәуірдің соңына дейін Ұлдананың анасы көлікке қатысты "алғашқы жарнасына өзің көмектестің, енді өзің айда" деді. Кейін әкесі мен ағасы көлікті қайтаруды талап етіп, маған бірнеше рет хабарласты. Сондай-ақ жәбірленуші мәртебесінен бас тартуымды сұрады», – деді Әділет Зейнел.
Еске салайық, Ұлдана Мырзуан мен реабилитолог-дәрігер Әділет Зейнел 2025 жылдың 30 қыркүйегінде шаңырақ көтерген. Олар үйленгенге дейін сегіз жыл бойы кездесіп жүрген.
2025 жылғы 8 қарашада Астанада көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы кірпіш қаптамасы опырылып түскен оқиға орнына жедел жәрдем қызметкерлері шақырылған болатын. Зардап шеккендерге көмек көрсету кезінде ғимараттан құлаған кондиционер блогы фельдшер Ұлдана Мырзуан мен әріптесінің басына тиген. Оқиға салдарынан бес адам жарақат алды.
Ұлдана Мырзуан он күн бойы жансақтау бөлімінде ауыр халде ем қабылдап, дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға бар күшін салғанымен, 2025 жылғы 18 қарашада 23 жасында көз жұмды. Сол күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.
Кейін Астанадағы медициналық колледждің бір дәрісханасына Ұлдана Мырзуанның есімі берілді. Ал 2026 жылдың ақпан айында Әділет Зейнел әлеуметтік желідегі жазбасында марқұм жұбайын түсінде көргенін айтып, оған деген сағынышын жеткізген еді.