$ 466.08  538.56  5.65

«Барабан харам, домбыра харам деп елдің бәрін жынды қылып жібере жаздадық»: Нұрлан имам көпке үндеу жасады

Фото: видео скриншот
Фото: видео скриншот

Танымал имам, дінтанушы Нұрлан Байжігітұлы өнерді дамыту және балаларға түрлі музыкалық аспаптарды үйрету маңызды екенін айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Ол “Нұрлан live” радиобағдарламасында қазақ қоғамында кейбір музыкалық аспаптарға қатысты қалыптасқан пікірге тоқталып, өнерден алшақтамауға шақырды.

“Барабан харам, домбыра харам деп елдің бәрін жынды қылып жібере жаздадық. Өнерлі болуымыз керек. Біздің қазақтың домбырасы, өзбектің дудары — ұлттық өнер. Түсінесіздер ме?! Ұлттық өнерді дамыту керек. Алла тағала тек ғана құран оқып отыра бер деген жоқ. Сондықтан тіл, діл секілді ұлтқа тән дүниелерді дамытып, балаларыңызды үйретіңіздер. Қазақтың аспабы ғана емес, қырғыздың да ұлттық аспабын үйреніңіз. Пианино, шаңқобыз ойнаңыз. Барабан харам деп далбасаламаңыз. Үйде барабан тұрса, барабан, скрипка тұрса, скрипка болады. Ал бәрі тұрса, ансамбль болады”, — дейді ол.

Имамның бұл пікірі әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, жұрттың пікірі екіге бөлінді. Бірі Нұрлан Байжігітұлының сөзін қолдап, ұлттық өнерді дәріптеудің маңызын атап өтсе, енді бірі дін тұрғысынан музыканың кез келген түрі харам екенін жазып, имамның пікіріне қарсылық білдірді.

«Барлық музыкалық аспаптар харам», «Халыққа жағу үшін Алланың үкіміне қарсы шығуға болмайды», «Дұрыс айттыңыз. Харам деп онсыз да жарты миы барларды мәңгүрт етіп бітті», «Адам болуды Хакім Абайдан үйрену керек. Балаларының барлығын өнерлі етіп өсірген», — деп жазды олар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 3
Ұнамайды 0
Күлкілі 1
Ашулы 0