$ 457.99  534.15  5.47

Бозарықтан тағы 40 отбасы баспаналы болды

Жаңа пәтерлер Бозарық шағын ауданындағы тұрғын үйлерден берілді.

Фото: Шымкент қаласы әкімдігі
Фото: Шымкент қаласы әкімдігі

Шымкентте тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамту жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың қатысуымен Көрме орталығында пәтер кілттерін табыстау рәсімі өтіп, 40 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Жаңа пәтерлер Бозарық шағын ауданындағы тұрғын үйлерден берілді. Азаматтарға 1, 2 және 3 бөлмелі пәтерлер ұсынылды. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға баспана жалға беру тәртібімен беріліп, кейін сатып алу мүмкіндігі қарастырылған.

Бұл жолы әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға басымдық берілді. Олардың арасында жалғызбасты аналар, ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар және толық емес отбасылар бар. Пәтерлер толық әрленіп, қоныстануға дайын күйінде тапсырылды.

Жаңа баспана алғандардың бірі – Ақбота Түркебаева. Ол 2015 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған. Арада өткен жылдардың бәрінде өз үйіне қол жеткізуді күткен Ақбота бүгін пәтер кілтін қолына алды.

«Осы күнді көп күттім. Бүгін өз үйімнің кілтін қолыма алып отырмын. Бұл – мен үшін де, отбасым үшін де үлкен қуаныш. Жаңа баспанамызда бақытты күндеріміз көп болсын», – дейді Ақбота Түркебаева.

Шымкентте тұрғын үй құрылысы мен азаматтарды баспанамен қамту жұмыстары биыл да жалғасып келеді. Қалада жыл соңына дейін 7 386 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі таңда оның 3 400-ден астамы пайдалануға берілді.

Шымкент қаласы Тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Көпжан Төлебаевтың айтуынша, қалған пәтерлер жыл соңына дейін кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі.

Қалада тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың баспана мәселесін шешуге, әсіресе әлеуметтік осал топтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға басымдық беріліп отыр. Бозарықтан берілген 40 пәтер де осы бағыттағы жұмыстардың бір бөлігі.

Бүгін пәтер кілтін алған 40 отбасы үшін бұл күн көптен күткен қуанышпен есте қалмақ. Жаңа қоныс иелерінің ендігі тілегі – өз баспаналарында берекелі ғұмыр кешу.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0