13.09.2026, 21:00

Спорт, тазалық, қауіпсіздік: «Дала Қырандары» «Әділет» партиясының бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған жобаны бастады

Фото: Дала қырандары

«Дала Қырандары» қозғалысы мен Спортшылар кеңесі бірлесіп, республикалық ауқымдағы #жаттығу науқанын бастады. Жоба «Әділет» партиясының 2026–2031 жылдарға арналған бағдарламасында бекітілген міндеттерді нақты істер арқылы жүзеге асыруға бағытталған. Негізгі бағыттар: аулаларды абаттандыру, қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастыру және бұқаралық спортты дамыту, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

#жаттығу науқаны аясында қырандар жасақтары Қазақстан қалаларындағы ауладағы спорт алаңдарын тұрақты түрде бақылауда ұстайды. Бұл бастама бір реттік жөндеу жұмыстарымен шектелмейді. Жасақтар спорттық құрал-жабдықтардың техникалық жағдайын және алаңдардың тазалығын тұрақты бақылап, тегін жаттығулар мен аулаішілік жарыстарды жүйелі түрде ұйымдастырады. Жобаның басты мақсаты – салауатты аула ортасын қалыптастырып, тұрғындарды ортақ іске біріктіру арқылы аулалардағы синтетикалық есірткі, алкоголь және вандализм сияқты келеңсіз құбылыстардың алдын алу.

Қазақстан Спортшылар кеңесі науқанның негізгі спорттық серіктесі ретінде кәсіби тәлімгерлік және әдістемелік қолдау көрсетті. Талғарда өткен алғашқы іс-шара спорт, экология және әр буын өкілдерінің өзара диалогын бір арнаға тоғыстырған кешенді бағдарлама форматында ұйымдастырылды.

Ашық жаттығу және шеберлік сабақтары: 1. Спортшылар кеңесінің мүшесі Юрий Васильевич Мельниченко «Дала Қырандары» мүшелерімен бірге балалар мен жасөспірімдерге денені қыздыру жаттығуларын өткізіп және жалпы дене дайындығы бойынша шеберлік сабақтарын ұйымдастырды. Қатысушыларға ашық алаңдардағы спорттық құралдарды дұрыс әрі қауіпсіз пайдалану техникасы көрсетілді.

2. Сенбілік: Жаттығудан кейін бірден қозғалыс белсенділері, спортшылар мен жергілікті тұрғындар аумақты бірлесіп тазалауға кірісті. Олар спорт алаңы мен көгалдарды қоқыстан тазартып, брусьялар мен турниктерді сырлап, спорттық құрал-жабдықтардағы ұсақ ақауларды ретке келтірді.

3. Ауладағы интерактивті іс-шаралар: Науқан тартылудан және басқа да спорттық сайыстардан тұратын шағын турнирлермен жалғасты. Сондай-ақ тұрғындармен алдағы уақытта тегін жаттығулар өткізу кестесі және спорт алаңындағы тәртіпті сақтау жөніндегі ортақ ережелер талқыланды.

«Ауладағы тәртіп – қауіпсіздікке бастайтын және салауатты әдеттерді қалыптастыратын алғашқы қадам. Біздің мақсатымыз – турник немесе спорттық құрал-жабдықтарды жай ғана жөндеумен шектелу емес. Біз өз ауласына жауапкершілікпен қарайтын тұрғындар мен жастардың тұрақты қауымдастығын қалыптастыруды көздейміз», - деді «Дала Қырандары» ЖҚБ үйлестірушісі Дамир Бекбосынов.

Кәсіби спорт қауымдастығы ауладағы спортты елдің болашақ спорттық жетістіктерінің берік негізі деп санайды:

«Көптеген ұлы чемпиондардың спорттағы жолы дәл осындай ауладағы алаңдардан, үйдің жанындағы қарапайым турникке тартылудан басталған. Егер жасөспірімнің жанынан дер кезінде бағыт-бағдар беретін тәлімгер, жарамды спорттық құрал және салауатты орта табылса, біз дені шыныққан ұрпақ тәрбиелеп, ұлттық спорт үшін мықты резерв қалыптастыра аламыз», - деп атап өтті Спортшылар кеңесінің мүшесі Юрий Мельниченко.

«Спорт әр балаға қолжетімді болуы керек. Ол үшін қымбат абонементтер мен арнайы секцияларға жазылудың қажеті жоқ. Жаттығу мүмкіндігі әр баланың өз үйінің ауласында, жаяу жететін жерде болғаны маңызды. Бүгін біз балалардың өздерінен тәжірибелі спорт шеберлерімен бірге жаттығып, жаңа нәрсе үйренгендегі қуанышын көрдік. Біз алдағы уақытта да аулаларға барып, жаттығулардың дұрыс орындалу техникасын көрсетіп, өз тәжірибемізбен бөлісуді жалғастырамыз», - деді Диас Абдулакимов [қазақстандық спортшы, жекпе-жек және хоккей жарыстарына қатысушы.

«#жаттығу жобасының ең үлкен құндылығы – адамдарды біріктіруінде. Алдымен біз турникке шығып, бірге жаттығып күшімізді сынадық. Кейін бәріміз тырма мен қажетті құралдарды қолға алып, аумақты бірге тазалап, ретке келтірдік. Жасөспірім өз қолымен спорт алаңын тазалап, сырласа, оны кейін бүлдіріп немесе қоқыстап кетпейді. Осындай ортада өз ауласына, өз үйіне және өз қаласына деген құрмет қалыптасады», - деді «Дала Қырандары» ЖҚБ үйлестірушісі Нұрғали Тұрсынғазиев.

#жаттығу науқаны Қазақстанның барлық өңірінде ауқымын кеңейтуді жалғастырады. Қырандар жасақтары ондаған ауланы қамтып, ашық жаттығулар өткізу мен қоғамдық кеңістіктерге ұқыпты қарауды қала өмірінің тұрақты мәдениетіне айналдыруды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ, «Дала қырандары» қозғалысы бірлестігінің координаторы Камали Бейбарыс бүгінгі өткен шара жөнінде пікір білдірді.

«Бүгінгі шара «Дала қырандары» бірлестігінің жаттығу бағыты болды. Сол бағытының жаңа деңгейі - Біздің орта компаниясы. Әділет партиясының қауіпсіз аула және реконструкция бағдарламасы бар. 2031 жылға дейін әр аймақ, қалада қалыпқа келтірілуі тиіс аулалар саны бар. Сол Әділет партиясының бағдарламасын орындауға өзіміздің ұсынысымызды бердік. Сондай-ақ, бізге Спортшылар Кеңесі қосылды. Кеңестің Бұқаралық спортты дамыту деген бағдарламасы бар.  Осы үш бірлестік бірігіп жастарды жақсы жаққа бағыттау ниетіміз бар. Бүгін қалыпқа келтіріп жатқан ауламыз бұған дейін қолданылмай тұрған саябақ еді. Бірақ біз бұған жан бітіріп, жастардың серуендеуіне жағдай жасамақпыз», деді ол.