"Біздің жігіттердің қарым-қабілетіне ешқандай күмәнім жоқ".
Белгілі спорт журналисі Аслан Қаженов Qasqa Jol YouTube арнасына берген сұхбатында Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы көкпар жарысы, қазақстандық аттардың дайындығы және жалпы командалық есепке қатысты дауға пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
«Стадионды ресми ақпарат көздерінде Қырғызстанның өзі үш жыл бойы 60 миллион долларға салынды деп келді. Үш жыл бойы салынды ол стадион. Таңғалдым, керемет екен деп жаздым көргенімді. Қазақстанның стадионымен салыстырдым. Бірер күннен кейін 380 миллион доллар салынды деп берді. Білмеймін, неге сонша шүйліккендерін», – деді Аслан Қаженов.
Ол көкпардан Қазақстан құрамасының жеңілісіне аттардың дайындығы әсер еткенін атап өтті.
«Біздің жігіттердің қарым-қабілетіне ешқандай күмәнім жоқ. Олимпиадалық спорт түрлерімен тең дәрежедегі дайындықтар жүреді. Екі команда бір-біріне қарсы тұрып, жарыс басталғанда аттардың жағдайлары бірден көрінді. Көкпарда аттың дайындығы әлсіз болды. 100 пайыз ат шешеді ғой. Шымкент пен Жетісу облысы ат берген жоқ. Ол жақта екі мықты ат тұр. Ол аттарды тегін де сұраған жоқ. Ол жалға алынатын еді. Ол аз ақша емес. Бес немесе жеті ат сатып алынды. Ол Федерацияныкі негізі. Қолдау керек еді», – деді спорт журналисі.
Журналист көкпардағы жеңілістен кейін әртүрлі себептер айтылып жатқанын, оның ішінде бас бапкерге қатысты сын да көбейгенін атап өтті. Алайда оның пікірінше, Қазақстан құрамасына ең мықты ойыншылар жиналған.
«Көкпардағы максималды түрде ең мықты жігіттерді жинады. Федерация басшысы тарапынан да жұмыстар жасалды. Керек аттарды алып берді, құрал-сайман, киімдерді ұйымдастырып берді. Бірақ нәтиже ақталмады. Осы жеңіліс те керек болған шығар. Осыған дейін көкпардан жеңіп келдік. Жігіттердің тойып қалмауы үшін, жақсы дайындалу үшін керек болған шығар. Жанкүйерлер де жеңілгенімізді мойындады, қабылдады», – деді Қаженов.
Сондай-ақ Аслан Қаженов Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы жалпы командалық есепке қатысты дауға тоқталды.
Оның айтуынша, Қазақстан тоғызқұмалақтан төрт алтын медаль жеңіп алған. Алайда жарыстың соңғы күнінде бұл алтындар жалпы есепте ескерілмей қалған.
«Жалпы есептен дау болды. Спорт министрлігі 32 алтын деп жариялады ресми түрде. Ал ұйымдастырушы Қырғызстан тарапы 29 алтын деп жариялайды. Ортада үш алтын жоқ болып тұр», – деді ол.
Журналистің айтуынша, Қырғызстан тарапы өз құрамасында 30 алтын бар екенін жариялап, Қырғызстанды бірінші, Қазақстанды екінші орынға шығарған.
«Солай үш алтынымызды іздедік. Бұл ең алдымен спортшылардың қанша уақыт бойы дайындалған еңбегі. Оңай емес, 54 мемлекеттің арасынан суырылып шығу. Ұйымдастырушылардан есепке алынуын талап етті. Олар жалпы командалық есепті алып тастаймыз деп шықты. Одан жекелей алғандар есептелмейміз деді. Соңында Қырғызстан Президентінің баспасөз хатшысы жеңісімізді мойындайтындарын айтып, мәлімдеме жасады. Солай нүктесі қойылды», – деді Аслан Қаженов.