15.09.2026, 17:40

«Балаларының көз алдында»: Астанада отбасылық жанжалдан кейін ерлі-зайыпты қаза тапты (ВИДЕО)

Фото: Видеодан алынған кадр

Оқиға елордадағы «Шығыс» тұрғын үй кешенінде болған. Астана қаласының Полиция департаменті аталған ақпаратты растады.

Астанада ерлі-зайыптылар арасындағы жанжал қайғылы жағдаймен аяқталды. 55 жастағы ер адам мен оның 53 жастағы әйелі оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оқиға елордадағы «Шығыс» тұрғын үй кешенінде болған. Астана қаласының Полиция департаменті аталған ақпаратты растады.

Ведомство мәліметінше, ерлі-зайыптылар арасындағы жанжал кезінде 55 жастағы ер адам әйеліне пышақ жарақатын салған. Кейін өзіне де пышақ жұмсаған. Алған жарақаттарынан екеуі де оқиға орнында қайтыс болды.

Аталған дерек бойынша кісі өлтіру және суицид фактілеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның барлық себептері мен мән-жайларын анықтауға бағытталған жан-жақты тергеу жүргізіліп жатыр.

Полиция Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейтінін мәлімдеді.

Бұған дейін әлеуметтік желідегі ақпаратта қайғылы оқиға 12 және 14 жастағы екі баланың көзінше болғаны айтылған. Алайда бұл деректі полицияның ресми хабарламасында растағаны көрсетілмеген.