Қалалық Полиция департаментінің алдын ала мәліметінше, оқиға Шығыс айналма автомобиль жолында болған.
Алматыда электросамокат мінген 54 жастағы ер адам сағатына 90 шақырымға дейін жылдамдық асырып, жол апатынан қаза тапты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. Қалалық Полиция департаментінің алдын ала мәліметінше, оқиға Шығыс айналма автомобиль жолында болған. Ер адам өзімен бір бағытта келе жатқан көлікті басып озу кезінде самокатты басқара алмай қалған. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы келді. Алайда ер адам алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Жол апаты бейнебақылау камералары мен сол маңнан өтіп бара жатқан көліктердің бейнетіркегіштеріне түсіп қалған. Кадрлардан ер адам құлаған кезде басындағы қорғаныш дулығасының ұшып кеткенін көруге болады. Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері қалада электросамокаттардың қатысуымен 91 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 96 адам жарақат алған. Бұл – жыл басынан бері Алматыда электросамокаттың қатысуымен болған алғашқы адам өлімі тіркелген жол-көлік оқиғасы.