19.09.2026, 22:30

Алматы облысында 23 жастағы жігіт оққа ұшып, қаза тапты

Фото: 7 күн

Іс полиция басшылығының бақылауында. 

Алматы облысының Шонжы ауылында төбелес кезінде 23 жастағы жігіт оққа ұшып, қаза тапты. Қайғылы жағдай екі ай бұрын дәмханалардың бірінің алдында болған. Қазір күдікке ілінген екі адам қамауға алынған. Марқұмның отбасы істің әділ тергелуін талап етіп отыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Туыстарының айтуынша, Алмас Сламжановтың оң жақ кеуде тұсына бытыра мылтығынан 14 оқ тиген. Жараланған жігіт ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмды. Оның артында жұбайы мен екі қызы қалды.

«Енді қызығын көреміз бе дегенде кісі қолынан қаза тауып отыр. Артында кішкентай балапаны – екі қызы қалды. Балам сондай ақкөңіл еді, ешкімнің көңілін қалдырмайтын. Бір "жоқ" деп айтпайтын еді», – дейді марқұмның анасы Баян Саниязова.

Жақындарының сөзінше, Алмас қазақ күресімен айналысып, спорт шеберіне үміткер болған. Соңғы уақытта ауылдағы құс фабрикасында жұмыс істеген.

Әкесі Бейсенбек Рахимовтың айтуынша, Алмас төбелес кезінде жанжалды ажыратуға барған. Сол сәтте 33 жастағы азамат көлігінен бытыра мылтығын алып шығып, оған оқ атқан.

«Еркексің бе, анау мылтығыңды таста» деген. Сол кезде басып жіберген ғой. Оқ оң жақ қолтығының астына кірген. 14 бытыра екен. Тақалып атқан ғой», – дейді Бейсенбек Рахимов.

Полиция мәліметінше, жанжал түнгі сағат 01:30 шамасында дәмхана алдында басталған. Сөзге келіспеушілік төбелеске ұласып, күдікті атыс қаруынан оқ атқан. Қылмыс құралы тәркіленіп, оның шығу тегі тексеріліп жатыр.

Іс полиция басшылығының бақылауында. Күдіктінің кінәсі сотта дәлелденсе, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.