$ 448.44  514.81  5.33

Павлодарда 23 жастағы қыз улы буға уланып, ауруханаға түсті

Оқиға туралы Павлодар облысының жедел жәрдем қызметі мәлімдеді. 

Фото: AqshamNews.kz
Фото: AqshamNews.kz

Павлодарда 23 жастағы қыз кәріз құбырларын тазалауға арналған химиялық құралдан шыққан улы булардан уланып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оқиға туралы Павлодар облысының жедел жәрдем қызметі мәлімдеді. Қыз химиялық заттан жеңіл дәрежеде жедел уланған. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін Павлодар қалалық №3 ауруханасына жеткізілген.

Осыған ұқсас тағы бір жағдай Успенка ауылында тіркелді. 42 жастағы әйел үйінің еденін бояған. Алайда келесі күні оның басы айналып, жүрегі айнып, әлсіздік байқалған. Жедел жәрдем қызметкерлері әйелді аудандық ауруханаға апарған.

Мамандар тұрмыстық химия, еріткіштер мен бояуларды пайдаланғанда қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Мұндай жұмыстарды бөлмені жақсы желдетіп, респиратор немесе маска секілді жеке қорғаныс құралдарын пайдалану арқылы жүргізу қажет.

Егер химиялық заттармен жұмыс істегеннен кейін бас айналу, жүрек айну немесе тамақтың ашуы сияқты белгілер байқалса, дереу таза ауаға шығып, жедел жәрдем шақырған жөн.

Айта кетейік, өткен демалыс күндері Павлодар облысының жедел жәрдем қызметі 1,5 мыңға жуық шақыртуға барған. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Тегтер:

#аурухана