$ 447.85  513.46  5.31

Семейдегі сұмдық: 19 жастағы қызды бұрынғы жігіті пышақтап кетті

Қыз туысының үйінде тұрған.

Фото: видеодан скрин
Фото: видеодан скрин

Семей қаласының шетіндегі Водный кентінде 19 жастағы студент қыз қаза тапты. Қайғылы оқиға 21 қыркүйекте үй маңындағы көшелердің бірінде болған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Куәгерлердің сөзінше, оқиға алдында көшеде жігіт пен қыздың арасында жанжал шыққан. Тұрғындар айғай-шуды естіген. Кейін сыртқа шыққандар жерде қанға боялып жатқан қызды көрген.

Көршілердің айтуынша, жас жігіт жанжал кезінде пышақ алып, қызға шабуыл жасаған. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті марқұмның бұрынғы жігіті болған.

Оқиғадан кейін ол қашуға әрекет жасап, тіпті қоршаудан асып кеткен.

«Аулада жүрген едім. Айғай-шу, төбелес болғанын естідім. Қыз айғайлап жатты. Кейін сыртқа шықсам, қыз жерде жатыр, қанға боялған, өңі бозарып кеткен. Оған жүрекке массаж жасап жатты. Жігіттер қасында тұрды. Жылап жатты», – деді жергілікті тұрғын Ирина Лысак.

Тағы бір тұрғынның айтуынша, оқиға орнына жедел жәрдем мен полиция көп ұзамай жеткен.

«Кейін бір жігіт жүгіріп келіп, менен көмек сұрады. Сыртқа шықсам, қыз жатыр, пышақ жарақатынан қан-жоса болған. Артынша жедел жәрдем мен полиция келді. Бізді үйімізге қайтарды», – деді Азамат Құжыкенов.

Оқиға орнында және оның маңында қан іздері болған. Ал жақын жердегі қоқыс жәшігінен медициналық қолғаптар мен мата табылған. Олардың да қан болғаны анықталған. Алдын ала мәліметке сәйкес, бұл заттар қызға алғашқы көмек көрсету кезінде қолданылған.

Медицина қызметкерлері жас қыздың өмірін сақтап қала алмады. Оның денесіне нақты қанша пышақ жарақаты салынғаны әзірге белгісіз.

Марқұм Семейдегі «Қайнар» колледжінің үшінші курсында оқыған. Оқытушылары оның тәрбиелі әрі сабағын жақсы оқығанын айтады. Қыздың суреті оқу орнының Құрмет тақтасына да орналастырылған.

Колледж өкілдерінің айтуынша, қайғылы жағдай болған күні таңертең студент сабаққа келген.

«Бүгін әкімшілікпен бірге оның үйіне бардық. Ата-анасы Көкпекті ауылынан келген. Қыз туысының үйінде тұрған. Таңертең бәріміз бірге барып, ата-анасына көңіл айттық», – деді Семей қаласындағы «Қайнар» колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айман Смайлова.

Полиция аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Күдікті оқиға орнынан қашқанымен, көп ұзамай ұсталған.

Семей қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Ержан Аққалиевтің айтуынша, күдікті – ауданның 24 жастағы тұрғыны. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында.

«21 қыркүйекте кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті анықталып, қылмыс ізін суытпай ұсталды. Ол ауданның 24 жастағы тұрғыны болып шықты. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторында отыр», – деді полиция өкілі.

Ведомство мәліметінше, қаза тапқан қыз бен күдікті бір-бірін бұрыннан таныған. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0