Кәріз қалдықтарын тазалау кезінде екі адам ажал құшты. Алдын ала болжам бойынша қайғылы жағдай техникалық ақауға байланысты болған, деп хабарлайды «Қазақпарат».
Облыстық ТЖД баспасөз мәлімдегендей, оқиға күндізгі уақытта орын алған. Үш адам нәжіс қалдықтарын тазалауға қаладағы жеке серіктестіктердің біріне жалданады. Жөндеу үшін кәріз суы төгілетін шұңқыр ішіне жұмысшылардың бірі түсіп, көмірқышқыл газына тұншығып мертігеді. Ізінен түскен адам да сол мезетте көз жұмады.
«Қайтыс болғандардың екеуі де жасы 50-ге таяған азаматтар. Оңтүстік өңірлік аэромобильдік жедел құтқару жасағының қызметкерлері арнайы тыныс алу құралдарын киіп, мүрделерді сыртқа алып шықты», делінген хабарламада.