04.11.2026, 11:20

Астана балабақшасында баланың бетінен темір орындықпен бірнеше рет ұрған

Фото: видеодан скрин

Сол сәтте балалардың жанында тәрбиеші де, өзге ересектер де болмаған.

Астанадағы «София 3» жекеменшік балабақшасында тәрбиеленушіге қатысты болған оқиға бойынша полиция тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Halyqstan мәліметінше, оқиға 15 қазанда болған. Топтағы балалардың бірі салмағы шамамен 2-3 келі болатын темір орындықпен басқа баланы бірнеше рет ұрған. Жәбірленушінің анасының айтуынша, сол сәтте балалардың жанында тәрбиеші де, өзге ересектер де болмаған.

Анасы баласын алып кетуге келгенде, балабақша қызметкерлері балалардың орындыққа таласып қалғанын түсіндірген. Олардың айтуынша, орындық балалардың қолынан шығып кетіп, балаға кездейсоқ тиген.

Алайда анасы бейнебақылау камераларындағы жазбаларды көргеннен кейін баласын бұл балабақшаға қайта әкелмеуге шешім қабылдаған. Сонымен қатар қазан айы үшін алдын ала төлеген 80 мың теңгесін қайтаруды талап еткен. Бірақ қаражат әлі күнге дейін иесіне берілмеген.

Баланың анасы тағы бір мәселеге алаңдаулы. Оның сөзінше, бейнебақылау жазбалары бір айдан кейін автоматты түрде өшірілуі мүмкін.

Нұра аудандық полиция басқармасы аталған оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді. Тергеу балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамау дерегі бойынша жүргізіліп жатыр.

Қазір полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда. Тергеу барысы туралы өзге ақпарат әзірге жарияланған жоқ.