Шымкент қалалық полиция департаменті зардап шеккен қыздың арызбен жүгінгенін растады.
Шымкенттегі кофеханалардың бірінде келушілер арасындағы жанжал төбелеске ұласып, қыздардың бірі жарақат алды. Оқиға қаладағы «Кофемолка» кофеханасында болған. Куәгерлердің айтуынша, дау ер адамдарға қатты сөйлемеуді ескерткеннен кейін басталған. Кейін жанжалға ұлт мәселесі де себеп болған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оқиға кезінде кофеханада үш қыз және бір топ ер адам отырған. Алғашында сөз жүзінде басталған келіспеушілік кейін жанжалға айналған.
Шымкент тұрғыны Диана Болшынбаеваның айтуынша, оның екі құрбысы тамақтанып отырған кезде кофеханаға бірнеше ер адам келген. Олар қатты сөйлеп, айналасындағыларға кедергі келтірген. Қыздар оларға дауыстарын бәсеңдетуді өтінген. Алайда осыдан кейін жағдай күрделене түскен.
Диананың сөзінше, ер адамдар қыздармен танысуға тырысқанымен, олар ұсыныстан бас тартқан. Артынша жігіттер қыздардың ұлтын сұрап, сөзге келіспеушілік туындаған.
Куәгердің айтуынша, ер адамдардың бірі қыздардың бірін балағаттап, оған қатысты дөрекі сөз айтқан. Бұған қыз да жауап қайтарған. Осыдан кейін ер адам оған стакан лақтырған.
Салдарынан қыздың тісі сынып, ерні жараланған. Сондай-ақ шыны сынығы қолын жарақаттаған.
Жанжалдан кейін ер адамдар полиция келгенге дейін кофеханадан кетіп қалған. Ал қыздар оқиға орнында қалып, тәртіп сақшыларын күткен. Кейін зардап шеккен қыз медициналық көмекке жүгінген.
Шымкент қалалық полиция департаменті зардап шеккен қыздың арызбен жүгінгенін растады.