$ 444.22  476.38  4.82

Алматыда Майдан туралы фильм кедергісіз көрсетілді

Алматыдағы құқық қорғаушылар кеңсесінде украиналық белсенділердің Киев Майданы туралы фильмі көрсетілді. Бішкекпен салыстырғанда мұнда фильмді көрсетуге бөгет болмады, деп хабарлайды Азаттық.

Соңғы күндері «20. Майдандағы қақтығыстың шешуші күні туралы 20 дәйек» атты деректі фильм авторлары, оның ішінде Киевтегі азаматтық еркіндік орталығы жобасының үйлестірушісі Александра Романцова кейбір постсоветтік елдерде фильмді таныстырып жүр.

Фильм көрсетілімі бұған дейін Қырғызстан астанасында өткен. Бірақ Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, фильмді Бішкекте көрсету кезінде қиындық туған. Қырғыз белсенділері фильмді екінші рет талаптанған соң ғана көрген. Ал Алматыда фильм көрсетілімі еш қиындықсыз өтті. Фильм тамыздың 27-сі күні Қазақстандағы адам құқығы бюросының баспасөз орталығында көрсетілді.

Фильм авторлары оны қысқаша «20» деп атайды. «20» саны Украинаның сол кездегі президенті Виктор Янукович режимі Киев Майданына қатысушыларға оқ жаудырып, ондаған бейбіт тұрғын қаза тапқан 2014 жылдың 20 ақпаны туралы 20 дәйек дегенді білдіреді. Бұл күн азаматтық қоғам мен Янукович режимі арасындағы қақтығыстың шешуші күні болған. Фильм авторлары «оның режимінен бұдан да сорақы айуандықты күткенбіз, бірақ келесі күні Януковичтің қашып кеткенін естіп өзіміз де қайран қалдық» дейді.

Фильмде қазақстандықтарға Ресей телеарналарынан таныс көптеген эпизодтар бар. Бірақ оларды Ресей телеарналары мен «20» фильмі мүлде қарама-қайшы тұрғыдан түсіндірген. Мысалы, белгісіз мергендердің адамдарға оқ атуына қатысты эпизод. Фильмде әлгі мергендер «Януковичтің адамдары», тіпті Ресей арнайы қызметі жасағы болуы мүмкін деген дәйектер келтірілген.

Фильм авторларының айтуынша, олар Майданның ішкі өмірін, әсіресе 20 ақпан сияқты шешуші күнгі тыныс-тіршілігін көрсетуге тырысқан. Олар «азаматтық қоғам қойнауынан мемлекеттік органдардың өздігінен ұйымдасуы, азаматтық белсенділердің шексіз батылдығы сияқты құбылыстарды байқап, таң қалдық» дейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары