Автожолаушылардың көздегені – екі апта ішінде автокөлікпен бес елді аралап шығу, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Жалпы ауданы 376 мың шаршы шақырымдық Каспий теңізі жағалауында орналасқан көрші елдерді аралап шығып, бес елге ортақ теңіздің жағасын шолып қайтпақ екен.
Атыраудың үстімен аптығып Ақтауға жеткен олар Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің мәжіліс залында студент жастармен кездесіп, достықтың қадір-қасиеті мен алыс сапарларға шығып, саяхат жасаудың пайдасы мен артықшылығы туралы әңгімеледі.
— Бұл сапардың менің қызметіме еш қатысы жоқ, — дейді команда жетекшісі, Астрахан облыстық Думасы мемлекеттік құрылыс, заңдылық және құқық тәртібі жөніндегі комитетінің төрағасы Александр Башкин.
Оның айтуы бойынша, олар бір топ жігіттер болып барша халық үшін сүйікті Каспий теңізін автокөлікпен айналып өтуді шешіпті. Мұндай саяхат жалпы автокөлік тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.
— Ал басты мақсатымыз – бір теңіздің жағасын мекендеген елдерде достық қарым-қатынас пен қауіпсіздікті, экономикалық-әлеуметтік байланыстарды нығайтуға күш салып жүрген мемлекеттер басшыларына, дипломаттар мен әр сала мамандарына қолдау көрсету. Осы елдер басшыларының тыныштық пен бейбітшілікті сақтауға барын салатындығына жақында ғана Астраханда өткен Каспий жағалауындағы мемлекеттер саммиті дәлел. Біз осынау қызықты сапарымыз қарапайым жұртшылыққа, әсіресе, жастарға өнеге болып, жалғасын тапса екен дейміз. Жер көру, ел көру, көптеген адамдармен танысудың өзі бір ғанибет қой. Егер біздің бұл сапарымыз сәтті болып, тиімділігін көрсетсе, автожорықтың жыл сайынғы дәстүрге айналуына және оған бес елдің де қатысуына атсалыспақпыз. Мен өзім Ақтауға екінші рет келіп тұрмын. Қала маған ұнаған және жанымдағы жолдастарыма да ұнады. Ал мен қаланың біраз жерін білетіндігімді, тарихынан да хабарым бар екендігін достарыма білдіріп қоямын. Бұл да үлкен мақтаныш мен үшін, — деп айтады А.Башкин.
Ұзақ жолға шыққан астрахандық автожорықшылар Ақтаудан Түрікменстанның Түрікменбашы қаласына аттануда. Одан әрі Ашхабад асып, Иранға, одан Әзірбайжан жағалауымен Ресейге кіретін олар Дағыстан, Қалмақ жерімен Астраханға шығыс жақтан келмекші.