Қазан айының 1 жұлдызында Елбасымыздың тапсырмасымен Ақтау қаласында бастау алған «Менің Елім-Мәңгілік Ел» Каспийден Алтайға дейін» Республикалық автоэкспедициясы 7 аймақты басып өтіп, кеше Шығыс өңіріне де келіп жетті, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Ерікті топ 21 қазан күні Семей қаласына келіп, қаламыздың көрікті жерлерін, мұражайлары мен өндіріс орындарын аралады. Экспедиция мүшелері: «Біз Семей қаласының көрікті келбетімен танысып, тарихи-мәдени, рухани орындарда болып, білім ошақтары мен өндіріс нысандарын да араладық. Зерттеуімізге қажетті ақпаратты да жинадық. Қазақстанның мәдени-рухани орталығы бізге рухани мол мұра сыйлады», — дейді. Сонымен қатар, олар қаламыздағы іргелі оқу орындарының бірі - Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінде қала жастарымен де жүздесті. Кездесуде қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдар Садырбаев экспедицияның маңыздылығына мән беріп, мемлекетіміздегі жастардың ынтымақтастығы артып, достық қарым-қатынастарының нығаюына септігі мол деген пікірін білдірді. Қадірлі меймандарға сәт-сапар тілей отырып, қалалық әкімдік тарапынан мұндай бастамаларға қашан да қолдаудың зор екендігін тілге тиек етті.
Басқосуда қала жастары да ұтымды ойларын ортаға салып, пікір алмасты. Экспедиция мүшелері Семей қаласындағы бөлігін аяқтап, Өр Алтайдың төріндегі Өскеменге жол тартты. Жоспар бойынша мұнда ШҚО-дағы жұмыстарын қорытындылап, Оңтүстік Қазақстанды бетке алмақ.
Ерікті жастардың жолға шыққандарына үш аптаның жүзі болса да, бойларындағы қуат кеміп, жігерлері жасыған емес. «Жол азабын жүрген білер» дейді халқымыз. Бірақ экспедиция мүшелері бірауыздан: «Біз жол азабын емес, ғажайып күйін кешіп келе жатырмыз. Бүгінге дейін сапарымыздың алғашқы нәтижелерін көріп жатырмыз. Қай қалаға барсақ та, бізді ыстық ықыласпен құшақ жая қарсы алып, жастар идеямызға қолдау танытып, бірлесе жұмыс жасап, белсенділік танытуда», — деп ризашылықтарын білдірді.
Аталмыш шараның негізгі мақсаты еліміздің жастарын ауызбіршілікке, өнегеге баулу болып табылады. Экспедиция мүшелерінің Д. Серікбаев атындағы техникалық университетінің студенттерімен кездесуіне арнайы келіп, сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар бұл күннің қаншалықты маңызды екендігін атап өтті.
— Біз бұл шараның идеологиялық жүгін сезінеміз. Ұшқан құстың қанатын талдырған, шапқан аттың тұяғын тоздырған Маңғыстау мен Алтайдың арасын аралап жүріп, мәңгілік елдігімізді, бірлігімізді, тұтастығымызды көруге болады. Ұлы Абай, Мұхтар, Шәкәрім, Оралхан Бөкейді дүниеге әкелген Ер Түріктің бесігі болған шығыс жеріне қош келіпсіздер. Біздің жастар Қазақстандағы ең ерекше, ең белсенді жастар. Олар қандай жарыстарда болмасын биіктерден көрініп жүр. 62 тамырынан жігері жасымаған біздің жастарымыз ел тұтқасын ұстайтын азамат боларына сеніміміз мол, — деді Жақсылық Мұқашұлы.
5 жол талғамайтын көлікке мінген, түркітанушы, оператор, журналист және кәсіби автокөлік жүргізушілерден құралған 20-ға жуық экспедиция мүшелері көк байрағымызды желбіретіп, қаламыздың орталық алаңы арқылы автошеру өткізіп, халықтар достығының нышаны болған еліміздегі бірегей жоба Сол жағалау кешенін, жаңадан салынған спорт кешендерін аралап, шаһарымыздың көркіне тәнті болған жайлары бар.
— Қазақстанның батыс нүктесінен, шығыс нүктесіне де келіп жеттік. Еліміздің аймақтарын аралаудағы мақсатымыз - Маңғыстау өлкесінің туристік потенциалын көрсету, таныстыру. Сонымен қатар, әр барған жеріміздің өзіндік салт-дәстүрлерімен, табиғи ерекшеліктерімен танысудамыз. Оның барлығын суретке, бейнеге түсіріп алып, әлеуметтік желілерде жариялап жатырмыз, — деді экспедиция мүшесі, түркітанушы, тарихшы Бекболат Төлегенұлы.
Ақтау, Атырау, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Көкшетау және Қарағанды қалаларын артқа тастап келе жатқан экспедициялық топ, Семей және өрелі Өскемен қалаларынан кейін оңтүстіктегі қалалардың бойымен, керісінше Алтайдан Каспийге жол тартып, соңғы нүкте Астана қаласында экспедициялық жұмыстарының қорытындылайтын болады.