Маңғыстау облысының 50 кәсіпкері арнайы сертификатқа ие болды, деп хабаралайды Skifnews.kz.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі мәлімдегендей, үстіміздегі жылғы қазан айының 22 мен 24 аралығында «Grand Hotel Victory» қонақ үйінде «Біріктірілген менеджмент жүйелеріне кіріспе және ISO 9001:2008, ISO 14001:2004, OHSAS 18001:2007 стандарттары» тақырыбында кезекті оқыту семинары өтті.
Тренингте қатысушылар сапа менеджменті, экологиялық менеджмент жүйелері, кәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау стандарттарының талаптары туралы мағлұмат алды.
Бизнес-тренер Вячеслав Зуенок – Алматы қаласындағы «Bureau Veritas Қазақстан» сынау, инспекция және сертификаттау саласындағы көшбасшы компанияның өкілі болды.
Курс бағдарламасы экологиялық мәселелер бойынша, кәсіпорындардағы қауіпсіздік және еңбекті қорғау және сапа менеджменті жүйесінің негізгі ережелері мен заманауи принциптерін тәжірибеде жүзеге асыру бойынша өзекті тақырыптарды қамтыды. Оқыту презентация, практикалық жаттығулар мен тапсырмаларды орындау, іскерлік және рольдік ойындар, топтық талқылаудан тұрды.
«Sarmat Energy» ЖШС бизнесті дамыту жөніндегі аға маманы Нұрбек Еңсебаев семинар қорытындыларын шығару үстінде оқыту мазмұнының жан-жақтылығын, дәріскердің кәсібилігін атап өтіп, осындай мазмұнды әрі пайдалы курстардың міндетті түрде өз жалғасын табарына сенімін білдірді.
«Маңғыстау индустриялық палатасы» ЗТБ төрағасы Махамбет Қажығалиев өз кезегінде семинарға қатысушылардың қызығушылық танытқандықтарына алғыс білдіріп, бизнестеріне табыс тіледі.
Үш күндік семинар нәтижелері бойынша барлық тыңдаушыларға орнатылған үлгідегі сертификаттар табыс етілді.
Сонымен қатар, жақында ғана өткен семинарда ақтаулық кәсіпкерлерге бизнес құралы ретіндегі маркетингтің мәні ашып көрсетілген болатын.
Басшылар мен олардың экономикалық және қаржы мәселелері жөніндегі орынбасарлары, бас бухгалтерлер, жарнама және PR жөніндегі бөлім бастықтары, түрлі компаниялардың сату жөніндегі менеджерлері Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасы Маңғыстау индустриялық палатасымен бірлесіп ұйымдастырған «Менеджерлерге арналған стратегиялық маркетинг» семинарына белсене қатысты.
Семинарға қатысқан 50-ден астам адамға маркетингтің бизнес құралы ретіндегі мәні жайлы айтылды.
Менеджерлерді даярлау, басқару мәдениетінің тиімділігін көтеру және басқарушылық кадрлық қорды қалыптастыру саласындағы сарапшы, бизнесті дамыту жөніндегі консультант Сергей Олифиров компания мақсаттарына жету үшін маркетингтік стратегия әзірлеу бойынша өз тәжірибесімен бөлісіп, маркетингтік талдау құралдары және стратегиялық маркетинг жайлы әңгімеледі.
Семинарға қатысушылар компания стратегиясын жүзеге асыру мен сатуды барынша ұлғайтудағы маркетингтің ролі, корпоративтік маркетинг функциялары мен міндеттері, шағын және орта бизнес үшін маркетингтің ерекшелігі жайлы, маркетингтік стратегияны таңдауға әсер ететін факторлар жайлы біліп қайтты. Қатысушылар маркетингтік талдау құралдарына, соның ішінде компанияның нарықтық әлеуетін бағалу үшін PESTLE-талдау, SWOT-талдау және негізгі сегменттерді анықтау үшін ABC-талдау құралдарына ерекше қызығушылық білдірді.
Жалпы семинар серпінмен өтті, ұйымдастырушылар тыңдаушылар тарапынан көптеген жағымды пікірлер естіп жатты. «Бастысы – қызықты, жеңіл, және де, әрине, өзекті болды. Шынымен де, маркетинг тақырыбындағы тренинг үнемі аса жоғары танымдық тұрғыда өтеді. Ұсынылған ақпарат жұмысымызға үнемі қажет», — деді «АртДизайнГруп» ЖШС менеджері Ольга Побойнева.
Семинар қатысушыларына сертификаттар табыстау кезінде Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Жаңбырбай Доспаев семинардың тұлғалық жағынан дамуды және мансап сатысы бойынша көтерілуді жоспарлап жүрген басшылар, ТОП-менеджерлер мен маркетологтар үшін ұйымдастырылғанын атап өтті.
— Семинардың негізгі мақсаты – маркетинг құралдарын қолдануға үйрету. Және де бұл қолымыздан келді деген ойдамын. Іс-шараға қатысушылардың барлығына белсенділігі мен шығармашылық ауан үшін алғыс айтамыз. Бизнестің түрлі салаларына арналған кездесулер топтамасын жалғастыру жоспарда бар», — деді ол қорытындылай келе.