$ 498.55  524.28  4.75

Алдағы жылы елімізде 8 мың «Skoda» автокөлігі құрастырылады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Чехия Республикасының президенті Милош Земанен кездесті, деп хабарлайды Skifnews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 Кездесу барысында сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, аграрлық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ықпалдастықты нығайту мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ, мемлекет басшылары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттар туралы пікір алмасты.

Назарбаев Қазақстан мен Чехияны зор әлеуетке ие дәстүрлі қарым-қатынастар байланыстыратынын атап өтті.

− Көптеген әлемдік оқиғалардың дамуына қатысты біздің елдеріміздің көзқарасы ортақ. Чехия біз үшін Еуропадағы маңызды сауда серіктес болып саналады. Әрі соңғы жылдары екі ел арасындағы экономикалық қатынастардың қарқыны өсіп келе жатқаны байқалады. Қазақстанда 70-тен астам бірлескен кәсіпорын бар. Мәселен, «Шкода» автомобильдерін құрастыру өндірісі жұмыс істейді. 2005 жылдан бері 15 мың автомобиль құрастырылды, ал келесі жылы 8 мың көлік шығару жоспарлануда. Жалпы алғанда, бізде қарым-қатынастарды әрі қарай дамытуға, соның ішінде үкіметаралық комиссияны жандандыру арқылы дамытуға көп мүмкіндік бар, – деді Қазақстан президенті.

Чехия президенті М.Земан өз кезегінде ынтымақтастықты түрлі салаларда дамытудың маңыздылығына тоқталды. Әрі ол өзінің стратегиялық маңызы бар елге келгенін атап өтті.

− Қазіргі кезде жаңа Жібек жолының әлеуетін ашу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біз Сіздің елдің қазіргі дамуына ғана емес, оның әлеуетіне де Орталық Азиядағы маңызды орын алатынын ескере отырып баға береміз, – деді Чехия Республикасының президенті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары