Қазақстандық жас математик Ақылбек Көпжасаровтың ғасырлар бойы шешілмеген әлемдегі ең қиын үш есептің бірін шешті деген ақпаратты Еуропалық математикалық қоғам президенті Павел Экснер жоққа шығарды. Бұл туралы Қазақпарат ақпараттық агенттігі хабарлап отыр.
«Филдсов сыйлығы комитетінің атынан шығып тұрған жоқпын, бірақ кез келген жұмыс стандартты сараптамалық шолудан өтуі тиіс. Бұл адам өтірікші ме әлде әзілдеді ме, білмеймін. Егер кімде-кім нәтижені Еуропалық математикалық қоғам растады десе - бұл жалған», - деді Павел Экснер.
Еске салайық, осыдан бірнеше күн бұрын атыраулық 20 жастағы математик Ақылбек Көпжасаров бұрыш трисекциясы есебін шығарды деп қазақстандық БАҚ өкілдері жарыса жазған болатын. Аталған есеп ғасырлар бойы әлем математиктері шеше алмай келе жатқан үш есептің бірі.