Бурабайдағы Малое Чебачье көлінде үрлемелі қайықпен жүзіп жүрген екі қыз суға батып қайтыс болды. Резіңке қайықты жел аударып жіберген деп мәлімдеді куәгерлер. Бұл ақпаратты ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов та растады.
Куәгер Ұлан Әбішевтің айтуынша, сол маңда демалып жүрген адамдар қыздарды құтқару үшін арпалысқанымен, оларды судан шығара алмапты. Тек суға кеткен кішкентай баланы ғана жағаға алып шыққан. Құтқарушылар болса тек бір сағаттан кейін ғана келіпті.
Қайғылы оқиға туралы мәліметті ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі Руслан Иманқұлов растады.
"17.09-да Бурабай ауданында, Малое Чебачье көлінде жедел құтқару жасағы 1999 жылғы қыздың денесін алып шықты, ол шомылуға арнайы жасақталмаған жерде шомылған. Сол жақта суға батып кеткен 1996 жылғы тағы бір қызды іздестіру шаралары жүріп жатыр", - деп хабарлады Иманқұлов.