Солтүстік Қазақстанда 8 қаңтар күні бұрқасын салдарынан облыстық және республикалық жолдар жабылған болатын. Салдарынан құтқарушылар 7 адамды қар құрсауынан шығарды, соның ішінде екеуі – балалар, деп хабарлайды Skifnews.kz облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«2015 жылдың 8 қаңтарында, тәулік ішінде Солтүстік Қазақстан облысындағы жергілікті маңызы бар жолдың бірнеше учаскесін қар басты. Соның салдарынан СҚО-ның Есіл және Мамлют аудандарында үш техника (бір жүк көлік пен екі жеңіл көлік) қар құрсауында қалып қойған. Облыс аудандарының жедел әрекет ету жасақтары бөлімшелерінің, СҚО бойынша ТЖ департаментінің және жергілікті атқарушы органдардың ортақ күшімен көліктер мен адамдар (соның ішінде екі бала) қар құрсауынан қауіпсіз жерге шығарылды, жолдар арнайы техникамен тазартылуда», – делінген хабарламада.
Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
Айта кетейік, бүгін 9 қаңтарда боранға байланысты облыста бірнеше тасжолдар жабылды.