$ 443.85  474.3  4.8

Асылхан МАМАШҰЛЫ: «Интернеті жоқ, сотка ұстамайтын ауылыма барып қайттым»

Қызылордаға қарай жолға шығатындарға айта кетейін, Батыс Қытай - Батыс Еуропа даңғылының Түлкібас тұсы әлі бітпепті. Кей жерде қарсы бағыттың біразы аяқталмаған. Әуелгі меже бойынша 2013 жылы аяқталуы керек еді, 2019 жылға қалыпты. Біткен жерлері тамаша. Әр тұста мәшине дамылдайтын жері, сырты жаңа болғанмен іші баяғыша - жазда шыбын, қыста сарыала мұз туалеттері бар.

Осы жолдан 15 км жердегі 120 үйлік Қосүйеңкіге алдыңғы жылы тарихта бірінші рет асфальт салынған. Аудан орталығы Жаңақорғанға шәугімдегі шәй суығанша жетіп барасың. Небәрі 15 км асфальт ауылдың еңсесін едәуір көтерген. Бұрын болмаған тегіс жолда жарысып, ауылда авария жасап, адам қағып, тамаша боп жатқандары да бар.

Былтыр жаңа мектеп қосылыпты. Лентасын Көшербаев қиған. Бұл ауылға облыс әкімінің келуі – Ғайып ерен, қырық шілтен келгенмен бірдей. Ауылдың жанынан 5 км жердегі төбеге қазақ-жоңғар соғысына қатысқан бір батырға кесене тұрғызылыпты. Бірақ ауыл тұрғындары бұл жерде қазақ-жоңғар соғысының болған-болмағанын білмейді. Сол кесенеге Көшербаев келеді деп 5 км жусан даланы грейдермен тегістеп, жол салыпты әлдекімдер. Сәл болмағанда кілем жая жаздады деп күледі тұрғындар. Көшербаев ол жолмен жүрді ме, білмеймін. Жанында баяғыдан айтақыр жол жатыр.

Ауылда интернет жоқ. 2013 жылы интернеттің жылдамдығы жөнінен Оңтүстік Кореяны басып озамыз деген Мәсімовтің уәдесі мұнда жетпеген. "Хабар", "Қазақстан" ұрып тұр. Солардың журналистері авторитет. Алматы, Астанада дүниенің құлағын ұстап тұрған сайт-майттарыңды білмейді. Еуразия одағы дегенді естігендері бар. Путиндікі дұрыс дейді саясаттан хабары барлары. Көбінің ештеңемен шаруасы жоқ. Ресей экспансиясы дегенді ұқпайды, мемлекеттік тіл мәселесі дегенді түсінбейді. Өйткені мұнда ешқашан орыс келмеген.

Әлі қыстың ызғары қайтпаған. Көмір қымбат, көп үй суық. Қолжуғыш далада. Ашық-шашық туалет мал қораның арғы жағында. Түнде шықсаң жете алмайсың, жолда біреумен кездесіп қалмасаң, ортадағы сай ыңғайлы. 2000 жылы елбасының жарлығымен «Мәдениет жылын» атап өткен ауыл ғой. Іргеден өтіп жатқан газ құбырынан дәметпейді. Құмкөлдің ілеспе газын неге бермейсің демейді. Уранның үстінде отырмыз, пайдасын көруіміз керек деген ой келмейді. Мұнан жақсы өмір бар дегенге сенбейді. Пенсия, жәрдемақы келгенде бір жасап қалады. Бірлі-жарым жастар көше кезеді. Ауылға әлдекім мешіт сап берген жақсылап. Үйлі-баранды имам тұрақтауы қиын, өйткені тиын-тебен түспейді. Бірақ жаназа шығаратын адам керек.

Обшм біздің ауыл осылай екен. Фейсбугы да жоқ, рахат.

(Facebook парақшасынан)

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары