$ 447.4  477.55  4.76

Бағым Мұхитденова алғаш рет Мөлдір Әуелбекованың сатқындығы жайлы шындықты айтты

10 жылдан аса тарихы бар КешYou тобының құрамы бірнеше рет ауысты. Топтан кеткен қыздардың басым дені үлкен шуға себеп болды. Олардың алғашқысы – Мөлдір Әуелбекова. Осы уақытқа дейін Баян Есентаева да, оның сіңлісі Бағым Мұхитденова да не себепті Мөлдірмен жұмысты тоқтатқандарын құпияда ұстап келген еді, деп жазады Stan.kz тілшісі.

Баян Мақсатқызы Әуелбекованы КешYou-дің концертіне қатыстырмады. Одан бөлек, ел арасында КешYou-ден кеткен соң Мөлдірдің шоу-бизнестегі жолы бұғатталды, деген әңгіме желдей есті. Бұл сөзді Мөлдірдің өзі де растаған болатын. Сонымен Әуелбекова топтан не себепті кетті? Бұл туралы Бағым Мақсатқызы “Гәкку” радиосының “Если честно” бағдарламасына, Тимур Балымбетовке берген сұхбатында ашық айтты.

“Мен үшін Мөлдір Әуелбекова жоқ. Онымен байланысымды қайта қалыпқа келтіргім де келмейді, ол да құлшынып тұр деп ойламаймын. Мен ол адамды көргім келмейді. Сондықтан да маған қатысы бар жобаларға ол қатыспайды”, – деп мәлімдеді Бағым Мұхитденова.

Продюсердің айтуынша, ол Мөлдірдің үлкен сахнадағы жолын жабуға тырыспаған. Тек өзіне қатысты жобаларға Мөлдірді қатыстырмайтынын кесіп айтты. Себебі Мақсатқызы Мөлдірдің бет-жүзін де көргісі келмейді. Оған Әуелбекованың сатқындығы себеп болған. Алайда елге беймәлім құпия сол жабулы қазан күйінде қалатын ұқсайды. Себебі:

“Мөлдір шындықты айта алмайды. Оған дәті де бармайды, күші де жетпейді. Сондықтан да мен ол адамды өмірімнен де, көз алдымнан да алыстаттым. Ал жолын бөгеп жүру туралы әңгімелерге келсек, ол қатысады деген бағдарламаға мен аяқ баспаймын. Бар болғаны екеуміздің біреумізді таңдаңыздар деп шарт қоямын. Ол менің таңдау құқығым”, – дейді Бағым Мақсатқызы

Аталған оқиға Бағым Мақсатқызының жеке өміріндегі келеңсіздікпен қатар келген. Продюсер күйеуімен айырылысып, 4 жыл бойы бөлек тұрғанын мойындады.

“Мен үшін отбасы әрқашан бірінші орында. Бірақ мен сол жанжалға дейін өзім туралы ойланбаппын. Мен қандаймын? Кіммін? Ештеңе ойламайтынмын, бар ойым жұмыста болатын. Бұл үшін ешкімді кінәламаймын. Ол менің кінәм. Тіпті, күйеуім маған қалай қарайды, қарым-қатынасы дұрыс па деген нәрселер санамда болмайтын. Әйтеуір бірге тұратынбыз, бәрі жақсы. Үлкен кикілжіңге тап болғанда, мына әлемде не болып жатыр өзі деп ойладым. Үлкен проблемаға тап болдым, оны ешқашан ұмыта алмаймын. Ол кешірілмейтін нәрсе. Адамгершілікке жатпайтын, өте жиіркенішті әрекет”, – деп түсіндірді Мақсатқызы.

Бүгінде күйеуімен қайта табысқан продюсер әлі де ренішті екенін жасырмайды.

“Сол оқиғадан кейін күйеуім маған ханшайым ретінде қарайды. Қазір бәрі жақсы. Бірақ ұмытылмайтын нәрселер бар. Мен Құдай емеспін, Құдай бәрін кешіреді, ал мен бар болғаны адаммын”, – дейді Бағым Мұхитденова.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары