$ 498.34  519.72  4.85

Тұрғын үй инспекциясы елорданың көпқабатты үйлерінің біріндегі лифт жұмысы олқылығының себептерін анықтауда

Тұрғын үй инспекциясының мәліметінше, тұрғын үй кешеніне қызмет көрсететін компания жасалған ескертулерге қарамастан үй лифттерін есепке қою бойынша тиісті жұмысты жүргізбеген деп хабарлайды Астана әкімдігінің медиа орталығы. 

Елорданың тұрғын үй инспекциясы басқармасынан мәлімдегендей, 31 желтоқсанда Тәуелсіздік көшесі 38/2 мекен-жайы бойынша орналасқан үйдің бірінші подъездіндегі ішінде 8 адамы бар лифт істен шыққан болатын.

Оқиға орнына жеткен тұрғын үй басқармасының басшысы зардап шегушілермен, көтергіштің істен шығу себептерін анықтайтын тиісті органдардың өкілдерімен кездесу өткізді.

Қазіргі таңда аталмыш факт бойынша лифт жабдығының егжей-тегжейлі техникалық сараптамасы жүргізіліп жатыр.

Белгілі болғандай, істен шыққан «GLIFT» маркалы лифт 2013 жылы Түркияда жасалған. Оның күтіміне «Бегенов» ЖК сервистік лифттік компаниясы жауап береді. Онымен тұрғын үйдің басқару органы болып табылатын «Токбаев» ЖК сервистік қызмет көрсету жөніндегі келісім-шартқа отырған.

«Астана қаласының тұрғын үй инспекциясы  атынан 2017 жылдың мамырында басқарушы орган «Токбаев» ЖК-нің жетекшілігіне қауіпті техникалық жабдықтарды (лифттерді) пайдалану кезінде  өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларын сақтау жөніндегі ескерту хаты ұсынылған-ды. Өз кезегінде «Токбаев» ЖК ҚР «Азаматтық қорғау туралы» заңына сәйкес тұрғын инспекциясына лифттерді есепке қою бойынша  тиісті жұмысты орындамаған», - деп атап өтті ведомствода.

2017 жылы Астана қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша тұрғын үй инспекциясы 500-ден астам лифтті тексерістен өткізген. Тексеріс жұмыстарының нәтижелері бойынша 25 ПИК мен лифттік компаниялар әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын.

«Тұрғын үй инспекциясына тұрғындар тарапынан шағымдар келіп түспегендіктен, Тәуелсіздік көшесі 38/2 мекен-жайы бойынша орналасқан үйде тексеріс жұмыстары жүргізілген жоқ. Сондай-ақ, 2017 жылы жергілікті атқару органдарының қолдауымен 96 лифт ауыстырылды. Олардың 23-і апатты жағдайда болған-ды», - деп атап өтті тұрғын үй инспекциясында.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары