Ресей билігі халықтың 183,8 млрд рубль қарызын кешіреді. Салықтық рахымшылық жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге ғана қатысты. Бұл туралы елдің қаржы министрі Антон Силуанов ел президенті Владимир Путин өткізген жиын барысында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, ескі қарыздарынан құтылуға 20 миллион ресейлік үмітті. Олардың жалпы мемлекет алдындағы қарызы шамамен 41 миллиард рубльді құрайды. Ал, жеке кәсіпкерлердің қарыздары арнайы салықтық режим аясында кешіріледі. Олардың жалпы қарызы 15,8 миллиард рубльді құрайды екен. Рахымшылықтан 3 миллионға жуық ЖК үмітті.
Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлердің сақтандыру төлемдері бойынша жиналып қалған қарыздары да кешірілетін болады. Бұл жеңілдікке 700 мың кәсіпкер үміт артып отыр. Ал, жалпы сома 127 млрд рубльді құрайды.
Айта кетейік, жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге салықтық амнистия енгізу туралы заңға Владимир Путин 2017 жылдың 29 желтоқсанында қол қойған болатын. Осылайша ол елдегі бизнесті қайта аяққа тұрғызуға ниетті екенін жеткізді.