$ 498.34  519.72  4.85

Ә.Жақсыбеков жаңбыр салдарын жою үшін кезекшілік ұйымдастыруды тапсырды

Бүгін Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековтің басшылығымен өткен кезекті аппараттық жиында демалыс күндері толассыз жауған нөсер салдарын жою мәселелері мен елордадағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай талқыланды. Бұл жайында қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Жауын-шашын салдарынан 16-17 мамыр күндері елорданың 12 учаскесін су басып, көлік қозғалысы шектелді. Қазгидрометтің мәліметі бойынша, жауын-шашынның айлық мөлшері 34 мм болса, сол күні бір тәулік ішінде 38,5 мм жауын-шашын жауған. Синоптиктердің хабарлауынша, елордада алдағы күндері де көшпелі бұлт шығып, жаңбыр жауады деп күтілуде.

Демалыс күндері жауған жауын-шашын жалпы нормадан ауытқыған құбылыс. Жауған жаңбыр мөлшері қалыпты мөлшерден асып кетті және синоптиктердің болжамынша мұндай жағдай алдағы уақытта да қайталануы мүмкін. Сондықтан, бұл күндері барлық техниканы жұмылдырып, күнделікті кезекшілік ұйымдастыру қажет. Су соруға арналған құрылғылар су басу қаупі бар жерлерде орнатылуы керек, - деді әкім.

Қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс атқаруда. Астана қаласында демалыс күндері 10 мың текше метр жаңбыр суы сорылды.

Қала басшысы елорданың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайына тоқтала келіп, тұрғындардың жаппай улануы қоғамдық тамақтану орындарындағы тиісті санитарлық нормалардың, азық-түлікті сақтау ережелерінің сақталмауынан екендігін атап өтті.

 

- Азық-түлікті дұрыс сақтамау, антисанитарлық жағдай, тағам өнеркәсібі саласы қызметкерлерінің кәсіби төмендігі, бақылаудың жоқтығы – мұның барлығы қаладағы түйткілді мәселеге айналып отыр. Дәмханалар мен асханалардың жұмысы бақыланбайды. Бұл мәселелерді шешу үшін қаланың барлық құзіретті қызметтері жұмылдырылып, арнайы рейд өткізіп, бақылауды күшейтуі қажет. 10 маусымға дейін Астананың барлық қоғамдық тамақтану мекемелерінде тиісті тексеріс жұмыстарын өткізуді бұйырамын, - деді әкім.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары