Оңтүстік Қазақстан облысында балмұздақтан уланып қалғандардың саны 188 адамға жеткен. Бұл туралы Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Ғалымжан Айнабеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің ауруханаға 28-29 наурыз күндері 36 адам түсті. 30 наурыз күні ең көп 79 ауру түсті. Одан кейін 31 наурыз күні 52 ауру түсті. 1 сәуір күні 20 адам түсті. Жалпы кешеден бері сол саябырсыған сияқты. Барлығы 188 адамды құрап отыр. Кеше біз алты науқасты шығардық. Бүгін шамамен 35-40 ауруды шығарамыз деп жоспарлап отырмыз. Жағдайлары тұрақталды», - деді Ғалымжан Айнабеков.
Еске салайық, Шымкенттегі «Южное» сауда орынынан балмұздақ алып жеген тұрғындар жаппай тәттіден уланып, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына түскен болатын. Осыдан кейін балмұздақ сататын орын уақытша жабылып, оқиға орнында Қоғамдық денсаулық сақтау департаментімен тексеру шаралары жүргізілуде.
Өңірдің Ішкі істер департаменті қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу жұмыстарымен айналысуда.
Сондай-ақ, орын алған жағдайға байланысты облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы жұмыс тобы құрылып, қызметтік тексеру шаралары басталды. Науқастардың хал-ахуалы облыстық денсаулық сақтау басқармасының жіті қадағалауына алынды. Облыс әкімі науқастардың тез арада сауығып кетуіне барлық жағдайларды жасау керектігін ескертіп, жауапты басқармаға қосымша дәрігер мамандарды тартуға тапсырма берген болатын.