Семейде жүк автокраны жаяу жүргінші жолында екі оқушы қызды қағып кетті деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Оқиға 3 сауір сағат 14:00-де Қаржаубайұлы көшесінде болды. 12 жастағы екі қыз өздері оқитын мектеп маңындағы жолдан өтіп келе жатқан. Осы кезде 1969 жылы туған жүргізушісі қыздарды қағып кеткен. Семей мемлекеттік медициналық университетінің оқу госпиталіне жеткізілген екі қыздың да жағдайы ауыр.
"Екеуі де ауыр жарақат алды. Бірінің жабық ми жарақатын алып, миы шайқалды. Бас сүйегі мен өзге де көптеген сүйектерін сындырды. Екінші қыз жабық ми жарақатын алды, миы шайқалды, желкесінің ұрылған және тілінген жерлері бар. Екеуі де жансақтау бөлімінде", - дейді жедел жәрдем бекетінің өкілдері.
Жаяу жүргіншілер жолы қыздар оқып жатқан №3 орта мектеп маңында және осы тұста жылдамдықты сағатына 40 шақырымнан асырмау туралы жол белгісі орнатылғанын айта кетейік.
Семей қалалық ІІБ-ның мәліметінше, бұл дерек СДТБТ-ға ҚР ҚК-нің 345-бабының 2-тарауы бойынша енгізілді. Қажетті сараптамалар тағайындалып, істің мән-жайы тексеріліп жатыр.