$ 494.87  520.65  4.91

Отандық экономиканы дамытудың жаңа бағыттары айқындалды

Кеше Астанада Forbes Kazakhstan ұйымы «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының бизнесті жетілдіру жолындағы жұмыстары шеңберінде «Қор қазақстандық «Темасек» бола ала ма?» деген тақырыпта пікірталас өткізді. Басқосуға қатысушылар бизнесті дамытудың тетіктері, мұндағы іс-әрекеттің түйінді көрсеткіштері, компанияның кадр саясаты, мемлекеттік секторлардың табыстылығы, жаңа салалардағы экономиканы оңтайландыру бағытында базалар жасау және тұрақты өсім беретін жобаларды жүзеге асыру төңірегінде өз ойларын ортаға салды.

Қазіргі таңда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қо­ғамы құрылымдарына енгізіліп жатқан меритократия қағидаттарының шетел­дік тәжірибесі келешекте еліміздің бүкіл мемлекеттік қызмет жүйесіне кеңінен таратылатын болады. Жиында бұл туралы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді. Ол өз сөзінде қор жұмысына кадрлар іріктеудің жаңа жүйесі, қызметкерлердің жалақы төлемдерін белгілеу тәртібі туралы әңгімелеп берді. «Бізде қор жұмысына жаңа үміткерлерді іріктеудің барынша қатаң жүйесі енгізілген. Өткен жылы мен біздегі 16 бос орынға 1,5 мың үміткердің таласқа түскенін айтып едім. Осы жерде 2014 жылы бізге 25 жаңа қызметкердің алынғанын да айта кетуім керек. Олардың барлығы да онлайн-режімінде жүргізілген ашық конкурстан өз күштерімен өткен, дайындықтары жоғары мамандар болатын. Ал қордың бас офисінде 120 адам жұмыс жасайды», – деді ол пікірталасты ашу рәсімінде.

Басқарма төрағасының айтуынша, бүгіндері «Самұрық-Қазына» компаниясында Сингапурдың, АҚШ-тың және Еуропаның бірқатар елдерінің аса ірі трансұлттық компанияларында қолданылып жүрген озық тәжірибелер енгізіліп жатыр. «Бұл жердегі әңгіме лауазымды қызметтерді бейімдеуден өткізіп, бағалау турасында болып отыр. Осыған орай, біздегі әрбір лауазымды қызметті шетелдік арнайы компания бағалап беретін болады. Аталмыш жұмысты қазір «Hay Group» компаниясы қолға алды. Ол «Fortune 50» тізіміндегі 200 компанияның лауазымдарын бағалап шыққан. Аталмыш рейтингіде әлемнің 500 ірі компаниясы бар. Қызметтерге осылай баға беріліп, белгілі бір мөлшерге бейімделіп болғаннан кейін олар өзінің жауапкершілігі мен қойылатын кәсіби талаптары бойынша «Temasek», «Khazanah», «Mumbadala» секілді компаниялар деңгейіне толық сәйкес келетін болады», – деді қордың төрағасы.

Оның пікірінше, біздің қызметкер­­­леріміз бұл стандарттарға сәйкес келу­ге тиіс. Бұл үшін лауазымдарды бейім­деу жұмыстары жүргізіліп шығуы керек. «Осының ыңғайында біздің қыз­меткер­­леріміз жұмысқа қабылданған кезде алдымен ең төменгі немесе төменгіге жақын буындардағы лауазымдарға тағайын­далады. Осыдан кейін олар шет­елдерде білім алып, тәжірибеден өтіп барып, қызмет баспалдағымен біртін­деп көте­рі­леді. Бірақ мұнда да өсу сатысы ха­лық­аралық деңгейге сәйкес жаса­лып отырады», – деді Ө.Шөкеев бұдан әрі. Ол сондай-ақ, мерито­кратия прин­ципі шетелдік тәжірибе­сінің «Самұрық-Қазына» жүйесі құрылым­дарына енгізілу барысы туралы айта келіп, оның болашақта бүкіл мемлекеттік жүйеге ұсынылатынын баяндады. Қазіргі таңда ол Президенттің 5 реформасымен түбегейлі айналысып жатқан топтардың бірінде жан-жақты тәжірибеден өткізіліп жатыр. Дәлірек айтқанда, меритократияның мұндай принциптерін Ербол Орынбаев басқаратын топ сынақтан өткізуде. Өмірзақ Шөкеев сөзінің соңында «Самұрық-Қазына» компаниясындағы бұл тәжірибелердің басым бөлігінің бүкіл мемлекеттік қызмет жүйесіне көшірілетінін қадап айтты. «Бұл – біздің түпкі мақсатымыз. Қазіргі таңда «Самұрық-Қазынада» жасалып жатқан трансформациялардың мағынасы да осында. Осы арқылы біз Малайзияның «Khazanah» компаниясының трансформация тәжірибесін қайталамақшымыз. Мұның өзі аталмыш тәжірибенің бүкіл мемлекеттік секторға, министрліктерге, тіпті, барлық жеке секторға дейін тарайтынын білдіреді. Бұл бағытта біз қоғам дамуын қамтамасыз ететін осы процестердің қозғаушы күші болуға тиіспіз», – деді ол.

Басқосуда қор басқармасының төрағасы журналистердің компания қызметкерлерінің айлық жалақысы туралы сұрағына жауап берді. Өмірзақ Естайұлының айтуына қарағанда, егер келешекте мемлекеттік қызметкерлердің жалақылары, жеке сектор деңгейімен салыстырғанда, 70 пайызға көтерілетін болса, қор қызметкерлерінің жалақылары осы деңгейден төмен болмақ. «Жұрт көп жағдайда басшының жалақысы қатардағы қызметкерден әлдеқайда көп деп ойлайды. Ал біз айлық жалақы белгілеудің жаңа жүйесін енгізгелі отырмыз. Бұл жүйе бойынша кәдімгі қызметкер департамент бастықтарынан да көбірек табыс табатын болады. Тап осындай жүйе АҚШ пен Сингапурда жұмыс істейді», – деп сөзін түйіндеді ол.

Бүгінде Мемлекет басшысының қор төңірегіндегі шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі тапсырмасы табысты орындалып жатыр. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы 2014 жылдың қазан айында қолға алған трансформация бағдарламасы өзінің тиісті жемісін беруде. Жиында бұл жөнінде қордың бизнесті дамыту жөніндегі бас директоры Берік Бисен­ғалиев сөз қозғады. «Қордың инвес­тиция­лық қоржынында жалпы құны 105 миллиард доллар тұратын 147 жоба бар. Оларды жүзеге асыру барысындағы құрылыс жұмыстарына 90 мыңнан астам, ал пайдалануға беру кезеңінде 50 мыңнан астам жұмыс орындарын ашу қарастырылған. Айталық, үдемелі индус­триялық-инновациялық мемлекеттік бағдарламасының бірінші 5 жылдығы шеңберінде қордың еншісіне жалпы құны 33,5 миллиард доллар тұратын 21 жоба тиді. Бұл аталмыш бағдарлама барлық ақшасының 62 пайызын құрайды. Алғашқы 5 жылдың қорытындысы бо­йынша жалпы құны 2,4 миллиард доллар тұратын 8 жоба пайдалануға берілді. Оларда 5,5 мың уақытша және 2,4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары пайда болды», – деді өз сөзінде Б.Бисенғалиев.

Оның айтуынша, инвестиция жеке бизнесі жоқ секторларда жүзеге асуы тиіс. Мұның өзі Йеллоу Пейджес талап­та­рын сақтау болып табылады. «Мәселен, біз британиялық компаниямен бірлесіп, Жамбыл облысында 150 гектар жерге қуа­­ты 50 мегаваттық үлкен күн электр­­стан­сасын салдық. Әзірге бұл – Қазақ­стан­­дағы ең ірі жоба. Мұндай басқа жоба жоқ. Мұнда да Йеллоу Пейджес қағидат­тарын бұзған емеспіз. Қазір аталмыш жобаны іске қостық. Күн тәртібінде бұдан да басқа ерекше жобалар тұр», – деді ол.

Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік Қоғамы – әртүрлі саладағы мемлекеттік активтерді (меншікті) басқаратын холдинг. Холдингтің негізгі құрылтайшысы және иесі Қазақстан Республикасының Үкіметі. Қор ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Президентінің 2008 жылғы 13 қазандағы №669 Жарлығына сәйкес және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 17 қазандағы № 962 қаулысы на сәйкес «Қазына» орнықты даму қоры» акционерлік қоғамы мен «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдингі акционерлік қоғамын біріктіру жолымен құрылды. 2010 жылдың 31 желтоқсанына қордың активы 12 815,3 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2009 жылмен салыстырғанда 1 741,3 млрд теңгеге өскен.

Қор қызметінің негізгі міндеттері: компаниялардың ұзақ мерзімді экономикалық құндылығын барынша көбейту және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру; компанияларды корпоративтік басқарудың ең үздік әлемдік тәжірибесін енгізу және ұлттық және халықаралық ауқымдағы инвестициялық жобаларды әзірлеу және іске асырылуын қамтамасыз ету болып табылады. Қордың ең жоғарғы басқарушы органы - жалғыз үлескер, яғни Қазақстан Республикасының Үкіметі. Басқару органы - Директорлар кеңесінен тұрады, ал атқарушы орган қызметін басқарма атқарады. Қордың барлық шаруашылық қызметі ішкі және сыртқы аудитарқылы бақыланады.

Қордың негізгі қызметі ұлттық даму институттары мен ұлттық компаниялардағы және басқа да заңды тұлғалардың меншігіндегі мемлекетке тиесілі үлестерді (пакеттерді) басқару. Қордың жалғыз ғана акционері, яғни иесі бар. Ол Қазақстан Республикасының Үкіметі. Қордың қызметі ашықтық және тиімділік қағидасының негізінде жүргізіледі. Негізгі бағыт мемлекеттік активтердің бәсекелес нарықтық ортада тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Алдына қойылған талаптарды орындау мақсатында қор бірнеше сала бойынша басымдықтар анықтады. Олар: мұнай және газ, электр энергетикасы,металлургия, инфрақұрылым және химия өнеркәсібі.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығын арттыру және әлемдік нарықтағы өзгерістердің елдегі экономикалық өсуге ықтимал жайсыз әсер етуі факторларынан сақтандыру үшін құрылды. Қор 2008 жылы алдында жеке дара ұйым болатын «Қазына» орнықты даму қоры» акционерлік қоғамы мен «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдингі акционерлік қоғамын біріктіру негізінде пайда болды. Жаңадан құрылған ұйымның капитализациясын өсіру мақсатында Президент мемлекеттік бюджеттен 5 млрд АҚШ долларын және Қазақстан Республикасының Ұлттық Қорынан 10 млрд АҚШ долларын бөлуді тапсырды.

Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму Стратегиясының аясында бірнеше ұлттық даму инстиуттары құрылған болатын. Мемлекет меншігін тиімді басқару үшін Сингапурлық «Temasek» холдингінің мысалында мемлекеттік холдинг құру идеясы талқыланды.

2006 жылдың қаңтар айында «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдингі акционерлік қоғамы құрылды. Мемлекеттік холдингке «Қазақтелеком», «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы», «Қазақстан темір жолы» ҰҚ», «Қазпошта», «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» және басқа 14 акционерлік қоғамдардағы мемлекеттік үлестер (пакеттер) өтті. Мемлекеттік холдингтің мақсаты бәсекеге қабілетті тауарлар мен өнімдер шығаруда қосымша құрал ретінде көмек беру болатын.

«Қазына» орнықты даму қоры» акционерлік қоғамы 2006 жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен құрылған болатын. «Қазына» қорының негізгі мақсаты «Қазақстанның даму банкі», «Ұлттық инновациялық қор», «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры», «Экспорттық кредиттерді және инвестициаларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы» Акционерлік қоғамы, «Маркетингтік-талдамалық зерттеулер орталығы» АҚ, "Қазақстандық инвестицияларға қолдау көрсету орталығы» сияқты ұлттық даму инстиутуттарының қызметін жүйелі түрде басқару.

2009 жылы басталған экономикалық дағдарыс Қазақстан басшылығынан дағдарысқа төтеп беретін бағдарламаны талап етті. Бағдарламаны қабылданғаннан кейін оны орындауды үкіметке емес, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына орындауға тапсырылды. Қазіргі уақытта холдингтің келесідей функциялары бар:

Қаржы секторын тұрақтандыру;

Жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешу;

Шағын және орта бизнесті қолдау;

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту;

Инновациялық, индустриалдық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру;

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары