$ 494.87  520.65  4.91

Қазына қаржысын тиімді пайдалану жайы талқыланды

Кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Ұлттық қордан бөлінген қаржыларды игеру мәселесі бойынша кеңес өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Қазақстанның Даму банкі (ҚДБ) мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына Ұлттық қордан өңдеу өнеркәсібі саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсету үшін қаржы бөлінді. ҚДБ желісі бойынша инвес­тициялық жобаларды ұзақ мерзімді жеңілдікті несиелеу келесі шарттарда жүзеге асырылады: номиналды сыйақы ставкасы – жылдық 6 пайыздан артық емес, несиелеу мерзімі – 10 жылға дейін, негізгі борышты өтеу бойынша жеңілдікті мерзім – 24 ай, бір заемшыны қаржыландыру шегі – 200 млн. теңгеден 5 млрд. теңгеге дейін. 2014 жылдың желтоқсанында ҚДБ 50 млрд. теңге мөлшерінде бірінші траншты бөлді, үстіміздегі жылдың наурызында банк тағы да 50 млрд. теңге алды. 4 маусымға қарасты жалпы сомасы 46 млрд. 442,3 млн. теңге болатын ірі кәсіпкерлік субъектілерінің 39 жобасына қолдау көрсетілді. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері «Даму» қоры арқылы келесі шарттар бойынша жеңілдікті несиелеуге ие болады: номиналды сыйақы ставкасы – жылдық 6 пайыздан артық емес, несиелік желі бойынша қолжетімділік мерзімі – бір жылға дейін, бір заемшыға шектеудің ең жоғарғы шегі – 1 850 млн.теңге. Өткен жылы қорға бөлінген 50 млрд. теңге мен наурыз айында бөлінген 50 млрд. теңгеге өңдеу өнеркәсібі мен қыз­мет көрсету саласындағы ШОБ субъек­тілерінің жалпы сомасы 80 750 млн. теңге болатын 425 жобасы қолдау тапты. Кеңес қорытындысы бойынша «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингіне, «Даму» қорына және ҚДБ-ға банктермен бірлесе отырып, Ұлттық қор қаржыларын игеру бойынша жұмыстардың белсенділігін арттыру тапсырылды.

Сонымен қатар,  қазақстандықтар енді қазына қаржысының қайда жұмсалғанын қадағалап, мемлекеттік бюджетті бақылайтын болады. Қазір «ашық үкімет» деп аталатын арнайы жоба әзірленіп жатыр. Жаңа жүйе алдағы күзде іске қосылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар брифингінде айтылды.

Елбасы 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру барысында ашықтықты қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлді. Бұл өз кезегінде халықтың саяси белсенділігін арттырып, мемлекеттік органдардың жұмысына етене араласуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта тұрғындар арнайы сайт арқылы өздері төлеген салықты сарапқа салып, бюджет шығынын үйден шықпай-ақ бақылап отырады.

«Еліміз бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Оған барлық жағдай жасалған. Тек жұмысты тиімді жүргізу керек. Жалпы үкімет, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар мен  еліміздің әрбір тұрғыны өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқару арқылы ортақ мақсатқа қол жеткізе аламыз. Жұдырықтай жұмылсақ тұрақты дамып, бәсекеге қабілетті бола аламыз»,  - дейді «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ жетекші ғылыми қызметкері Анар Рақымжанова.

Әрі соңғы уақытта өңірлерде бюджет қаржысын тиімді пайдалану бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.

Мысалы, Атырау облыстық мәслихатының кезекті ХХХІІ сессиясы өтті. Онда алдымен «Атырау облысының 2014 жылға арналған бюджетінің орындалуы туралы» мәселе қаралды. Бұл жөнінде облыстық қаржы басқармасының басшысы Бақытжан Жылқыбаев баяндама жасады.

Есепті мерзімде облыс бюджетінің кіріс бөлігі жоспарланған 143 млрд. 182 млн. теңгенің орнына 151 млрд.теңгені құрап, 105,5%-ға орындалған. Салықтық және салықтық емес, сондай-ақ негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер жоспарларының да толықтай орындалысы қамтамасыз етілген. Соның ішінде, республикалық бюджеттен түсетін трансферттердің көлемі 39 млрд. 953 млн. теңгені құраған. Бұдан басқа, облыс қазынасынан бөлінген бюджеттік несиелерді өтеу есебінен 928 млн. теңге, мемлекеттік қаржы активтерін сатудан 18 млн. теңге қаржы түсірілген. Мұның сыртында, республикалық бюджеттен ипотекалық тұрғын үй құрылысын несиелей қаржыландыруға, мамандарды әлеуметтік қолдау мен кәсіпкерлікті дамытуға қаралған 2 млрд. 852 млн.  теңге толығымен түскен.

Баяндамада айтылғанындай, облыс бюджетінің шығындар бөлігінің де толықтай дерлік (154 млрд. 256 млн. теңге) орындалғандығы белгілі болды. Алайда, бюджеттік несиелер, қаржылық активтерді сатып алу, қарыздардың өтелуін қосқанда жоспарланған 163 млрд. 864 млн. теңге қаражаттың 31 млн. 513 мың теңгесі игерілмей қалған. Оның басым бөлігі мемлекеттік сатып алуға арналған, өзге де қаржы көздерін үнемдеу есебінен, қалғаны білім беру нысандары бойынша жоспарланған жұмыстардың орындалмауынан, сондай-ақ ағымдағы шығындарға қатысты қызметтердің уақытында ұсынылып, жеткізілмеуі салдарынан орын алған.

Бұдан кейін облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Марат Мұрзиевтің 2014 жылға арналған бюджеттің орындалуы туралы есебі тыңдалды. Келесі кезекте Атырау облыстық мәслихатының  «2015-2017 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» (2014 жылдың 15 желтоқсанындағы №337-V) шешіміне енгізілген өзгерістер жайында облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиевабаяндады.

Сессияда қаралған маңызды мәселенің бірі «Атырау облысы бойынша ауыл шаруашылығы және тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер учаскелерін түгендеу барысы туралы» болды. Аталған мәселеге байланысты жер қатынастары басқармасының басшысы Арман Баженов баяндап шықты.

Күні бүгінге Атырау облысының жер қоры 11863,1 мың гектарды құраса, оның 56%-ын босалқы жерлер, 19%-ын ауыл шаруашылығы мақсатындағы, 11,2%-ын елді мекендер аумағындағы, 6,3%-ын басқа да мемлекеттік пайдаланудағы жерлер қамтиды. Қалғаны  түрлі салалардың (өнеркәсіп, көлік, байланыс қызметі, қорғаныс, ерекше қорғалатын табиғи аймақтар, орман және су қоры) еншісіне тиесілі жерлер болып табылады.

2011-2014 жылдар аралығында жүргізілген түгендеу жұмыстарының қорытындысында облыста 682,7 мың гектар көлеміндегі жер телімдерінің игерілмегендігі анықталған. Осы пайдаланылмай отырған жердің 527,7 мың гектары немесе 77,3%-ы мемлекет меншігіне қайтарылған. Мемлекет иелігіне қайтарылған жердің бір бөлігі (131,6 мың гектары) кері айналымға енгізілген. Дегенмен, түгендеу шаралары барысында кейбір қиындықтар туындап, іске кедергі келтіретіндігі, оларды тиісті заңдылықтар шеңберінде реттеу кезек күттірмейтін мәселе екендігі алға тартылды.

Сессия жұмысына облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысты. Аймақ басшысы күн тәртібінде қаралған мәселелерге қатысты түсінік берді.

Ал ҚР Қаржы министрлігінің Қаржылық бақылау Комитетінің Қызылорда облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясының №4 бақылау бөлімінің бас маман, бас бақылаушы-тексерушісі Сағидулла Қорабаймен тілдесу барысында қаныға түскендейміз. Сәкең өз кәсібінің тәжірибелі, байырғы маман­дарының бірі. Олай деуіміздің мәнісі бар. Оның аталмыш салада еңбек еткеніне ширек ғасырға қадам басыпты. Аз уақыт емес. Осы аралықта Сағидулла Тілепұлы бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуын қадағалауда әрдайым қырағылық танытып келеді.

Арал ауданы, «Мергенсай ауылдық округі әкімінің аппара­ты» ММ-нің «Желкен» балабақшасы МКҚК-на бюджеттен мемлекеттік тапсырысқа бөлінген қаржының бюджет заңдылықтарына сәйкес жұмсалуы мен мемлекет­тік сатып алу заңдылығының сақталуына жоспарлы, тақыр­ыптық бақылау жүргізу барысында 239805,3 мың теңге сомасында қаржылық бұзушылық анықталған.

Оның ішінде ҚР Үкіметінің «Әлеуметтік аударымдарды есептеу және аудару ережесін бекіту туралы» қаулысының талаптары басшылыққа алынбай әлеуметтік аударымдардың уақытылы аударылмағанына 0,2 мың теңге өсімпұл төленсе,­ «Бухгалтерлік есепті жүргізу қағидалары туралы» Ережесінің талаптары дұрыс басшылыққа алынбай еңбекақығ­а 13,0 мың теңгенің дебиторлық қарызы қалыптасқан. Балабақша бойынша 2012-2013-2014 жылы барлығы 8,9 мың теңге жолсапар шығындарына артық есептеліп­, төленген. Сондай-ақ 2014 жылдың тамызында пайдалануға берілген балабақша ғимараты және өндірістік аспап және шаруашылық құрал-саймандары, барлығы 233697,0 мың теңгенің негізгі қорлары кәсіпорын теңгеріміне кіріске алынбаған. Кәсіпорынның пайдалануындағы негізгі құрал-жабдықтары (активтері) бойынша өткен жылы 6063,4 мың теңгеге тозу құны есептелмей, бухгалтерлік теңгерімдегі негізгі қорлардың тозуына қосылмаған.

Мергенсай ауылдық округі әкімдігі мен кәсіпорын арасын­дағы келісімшарттың міндеті мезгілінде орын­далмауынан кәсіпорынға 22,8 мың теңге (0,1 пайыз) айыппұл­ есептелген. Бақылау барысында 44,9 мың теңге бюджетке өтеліп, 239760,4 мың теңге қалпына келтірілген.­

Сонымен қатар «Сексеуіл кенті әкімінің аппараты» ММ-нің «Жауқазын» балабақшасы МКҚК-на бюджеттен мемлекеттік тапсырысқа бөлінген қаржының бюджет заңдыл­ықтарына сәйкес жұмсалуы мен мемлекеттік сатып­ алу заңдылығының сақталуына жоспарлы, тақырыптық бақылау жүргізу барысында 71663,5 мың теңге сомасында қаржылық бұзушылық анықталып, оның 76,3 мың теңгесі­ бюджетке өтеліп, 71587,2 мың теңгесі қалпына келтірілген.

Қазына қаржысы қатаң қадағаланатынын қаперде тұтсақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары