$ 494.87  520.65  4.91

"Бәйтеректің" берері мол

Жамбыл облыстық әкімдік пен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы арасында әріптестік туралы меморандумға қол қою жиыны өтті. Шараны облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке ашып, бүгінгі таңда мемлекет тарапынан кәсіпкерліктің дамуына ерекше жағдай жасалып отырғанын атап көрсетті.

– Түрлі деңгейдегі бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жүзеге асуда. Осы қолдауды жүзеге асыру мақсатында республикалық деңгейде бірқатар құрылымдар құрылды, – деді облыс әкімінің орынбасары. Одан әрі ол «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының кәсіпкерлікті қолдауда атқарып отырған жұмысын әңгімелеп, шараға осы ірі құрылымның басқарма мүшесі, басқарушы директоры Қаныш Төлеушиннің және мемлекеттік мекеме жетекшілерінің, «Бәйтерек» холдингінің кәсіпкерлікпен айналысатын құрылымдарының басшылары қатысып отырғанын жеткізді. Облыс әкімдігі мен «Бәйтерек» холдингі арасында меморандумға қол қоюдың мақсаты – шағын және орта бизнес саласына қолдау көрсету екенін еске салды.

Одан кейін «Бәйтерек» холдингінің басқарушы директоры Қ.Төлеушин сөз алып, жиынға қатысып отырған қаржы құрылымдарының басшыларын жеке-жеке таныстырды. Жамбыл облысының әлеуетін көп зерттегенін, өңірдің кәсіпкерлікті өркендетуде мүмкіндігі мол екендігін айтты. Бұған дейін Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан облысында болып, осындай шара өткізгендіктерін жеткізді. Ол сондай-ақ, «Бәйтерек» холдингінің атқарып отырған жұмысын жан-жақты әңгімелеп, Жамбыл облысында үш жобаны жүзеге асырғандарына тоқталып өтті. Бұған дейін облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанкемен бірге жұмыс жасаудың жай-күйін әбден пысықтап, пікірлескендерін де еске салды. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» жарнаманы қажет етпейді. Грант алғысы келгендер 200-400, тіпті 800 миллион теңгеге дейін алуға болатын көрінеді. Қ.Төлеушиннің тағы бір еске салғаны – халыққа қызмет көрсету орталықтарында кәсіпкерлерге жағдай жасау. Бұл мәселе Ақтау және Шымкент қалаларында шешілген. Кәсіпкер «бір терезеден» барлық мәселесін бірден шешеді екен. Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Алмас Мәдиев осы мәселені түпкілікті шешу үшін қаладағы екі ғимарат назарға алынып отырғанын айта келе, өңірдегі кәсіпкерліктің жай-күйі, шағын және орта бизнеске қолдау-көмек жайлы әңгімеледі.
Жиынға қатысқан кәсіпкерлік құрылымдарының жетекшілері субсидия және несие алу, холдинг тарапынан басқа да қаржыландырудың түрлері туралы сұрақтар қойып, Қ. Төлеушин мен басқа да қаржы құрылымдары басшыларының тарапынан нақты жауаптар алды.

Облыс әкімдігі мен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы арасында әріптестік туралы меморандумға Т.Жанке мен Қ.Төлеушин, облыстың бірқатар шағын және орта бизнес құрылымдары мен республикалық қаржы институттарының басшылары  келісім-шарт пен келісімдерге қол қойды.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 мамырдағы № 571 «Даму институттарын, қаржы ұйымдарын басқару жүйесін оңтайландыру және ұлттық экономиканы дамыту жөніндегі кейбір шаралар туралы» Жарлығы мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 25 мамырдағы № 516 «Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 мамырдағы №571 Жарлығын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» қаулысына сай құрылды.

Холдинг міндетері шикізаттық емес секторды қаржылық-инвестициялық қолдау, ұлттық экономиканың тұрақты дамуы мен әртараптандыруды қамтамасыз ету, инвестициялар тарту, кластерлерді дамыту және оның еншілес мекемелеріндегі корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру болып табылады.

Холдинг даму институттары арқылы 2010–2014 жылдарға арналған жеделдетілген индустриалдық-инновациялық дамытудың Мемлекеттік бағдарламасы және сонымен қатар «Бизнестің жол картасы 2020» және «Қолжетімді тұрғынүй – 2020» бағдарламаларын жүзеге асыру жолымен мемлекеттің стратегиялық және әлеуметтік міндеттерін шешуге белсенді қатысады.

Холдингтің еншілес мекемелері активтерінің жиынтық құны 12 млрд АҚШ долларынан асады. Оның бір ғана акционері Қазақстан Республикасы Үкіметі болып табылады.

Тәуекелділік менеджментінің тиімді жүйесін енгізу.

Айқындық пен халыққа сенімділік білдіру деңгейін көтеру.

Еншілес мекемелер әрекетінің синергетикалық тиімділігін қамтамасыз ету.

Еншілес мекемелер әрекетінің экономикалық тиімділігін / залалсыздық ұстанымын көтеру.

Қосымша инвестициялар тарту.

Жеке сектормен қарым-қатынас жасау.

Қаржылық-инвестициялық бағыт. Олармен Қазақстанның Даму Банкі, Қазақстанның инвестициялық қоры, Kazyna Capital Management және Стрестік активтер қоры айналысады.

Кәсіпкерлік пен инновациялауға қолдау көрсету. Бұл бағытта «Даму» кәсіпкершілікті дамыту қоры, Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік пен ҚазЭкспортГарант әрекет етеді.

Тұрғынүй құрылысы. Бұл бағыт аясында Қазақстанның Тұрғынүй-құрылыс жинақ банкі, Қазақстан Ипотекалық Компаниясы және Ипотекалық несиелерді кепілдендірудің қазақстандық қоры жұмыс жасайды.

Айта кетейік, соңғы 10 жылдағы ҰБХ құрамына кіретін еншілес құрылымдар жалпы 6 млрд АҚШ долларынан аса сомадағы 140-тан астам инвестициялық жобаларды қаржыландырды. Тағы 5 млрд АҚШ доллары шағын және орта бизнеске несие түрінде берілді. Сонымен қатар жеке кәсіпкершіліктің 3 600-ден астам несиелеріне кепілдік берілді және жәрдем ақша берілді. Тек Қазақстан Даму Банкі желісі бойынша 97 инвестициялық жобаларды қаржыландыру мақұлданды және экономикаға шамамен 6,2 млрд АҚШ доллары бөлінді.

Бұл шаралар 85 мыңға тарта жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Қолдау көрсетілген кәсіпорындар 7,5 млрд АҚШ доллары сомасына тауарлар өндіріп, қызмет көрсетеді және мемлекеттік бюджетке жыл сайын шамамен 480 млн АҚШ долларын салық түрінде төлеп тұрады.

«Қолжетімді тұрғынүй – 2020» бағдарламасы аясында Тұрғынүй-құрылыс жинақ банкі бағыты бойынша 360 мың м2 тұрғынүй пайдалануға берілді.

Бұдан басқа, «жасыл» экономиканы дамыту аясында «Бәйтерек» холдингі жеке секторды (ICD), жеке инвесторды және «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ еншілес мекемелерін – Central Asia Renewable Energy Fund LP қатысушылар құрамындағы «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» (ТДҰА) АҚ дамыту жөнінде Ислам корпорациясының кіру ниеті туралы үш жақты Меморандумға қол қойды.

Қорды құру мақсаты 8-ден 10 жылға дейінгі мерзімге жаңартылған және балама энергия бойынша активтер қоржынындағы инвестицияларды жүзеге асыру болып табылады. Қаржылардың мақсатты мөлшері – бірінші кезеңде 50 млн АҚШ доллары және одан әрі 100 млн АҚШ доллары.

Құрылған қор бірегей ерекшеліктердің толық қатарына ие. Біріншіден, ол тек Қазақстан Республикасы аймағындағы жобаларды ғана қаржыландырады.

Екіншіден, оның жарғылық капиталының үштен екісінен астамы жеке және шетелдік инвестициялар есебінен қалыптасады. Мемлекет «ТДҰА» АҚ тұлғасында жарғылық капиталдың жалпы көлемінің үштен бір бөлігінен астамын салады.

Үшіншіден, оның қызметі исламдық қаржыландыру ұстанымдарында құрылатын болады. ICD жобаларды құрылымдау жөніндегі өз тәжірибесін ұсынатын қордың Кеңес берушісі ретінде қатысады деп жоспарланады.

Төртіншіден, жаңа құрылым қаржыландыруы мүмкін әлеуетті жобалардың тізімі жасалды.

Қор құрудағы «Бәйтерек» холдингінің қатысы Қазақстанның жасыл энергетиканы дамытудағы компанияның үлесі және елді «ЕХРО-2017» халықаралық көрме өткізуге дайындау болып табылады.

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ құрамына он еншілес мекеме – даму институттары: «Қазақстан Даму Банкі» АҚ, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ, «Тұрғынүй-құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан ипотека компаниясы» АҚ, «ҚазЭкспортГарант» АҚ, «Даму» кәсіпкершілікті қолдау қоры» АҚ, «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ, «Ипотекалық несиелерді кепілдендірудің қоры» АҚ, «Kazyna Capital Management» АҚ, «Стрестік активтер қоры» АҚ кіреді. Холдинг осы компаниялардың мемлекеттік пакетін иелену мен пайдалану құқығына ие.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Бәйтерек ҰБХ