Астанада 17 жастағы жасөспірім әкесінің автокөлігін айдап кетіп, Жеңіс пен Мәскеу көшелерінің қиылысында екі бірдей адамды қағып кеткен. Бұл туралы қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Оқиға 15 мамыр күні 18:30-да болған. Mitsubishi маркалы көліктің жүргізушісі жолдың рұқсат етілген бөлігінен өтіп бара жатқан екі адамды қағып кетіп, өзі оқиға орнынан қашып кеткен.
"Жол-патрульді полиция полкі мен Астана қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметінің іздеу бөлімі Мәскеу көшесіндегі аулалардың бірінен құқық бұзушыны тауып, ұстады. Ол 2001 жылы туған жасөспірім екен. Қазіргі таңда оның ата-анасының қатысуымен тергеу-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр", - дейді полицейлер.
Жарақат алған 1983 және 1977 жылғы екі адам қазіргі таңда түрлі дене жарақаттарымен ауруханада ем қабылдап жатыр. Ал, көлік болса айып тұрағына қойылған.