Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнар Каримованың Швейцария банктерінде бұғатталған 810 млн долларға жуық ақшасы Ташкентке қайтарылатын болады деп жазады Podrobno.uz.
Бұндай мәлііметті есімін жасыруды сұраған швейцариялық шенеунік берген. Ол ресми Ташкент пен Берн арасындағы үкімет аралық келіссөздерге қатысқан екен.
«Келіссөздер ұзақ жүрді. Бұл мол қаражатқа таласушылар Өзбекстан үкіметі, АҚШ және Zeromax компаниясының кредиторлары. АҚШ-ның әділет министрлігі Г. Каримова қаржылық айла-шарғыларын америка долларымен жасап, АҚШ-тың банк жүйесін пайдаланған.Сондықтан да бұл қаражаттың бір бөлігін алуға талпынып отыр. «Zeromax» -тың несие берушілері компанияның шын мәніндегі қожайыны Гүлнар Каримова екенін дәлелдей алмай отыр. Сол себепті олардың мүмкіндігі төмен», — дейді есімін жасырған швейцариялық шененунік.
Естеріңізге сала кетейік, Швейцарияда тіркелген Zeromax GmbH компаниясымен Ташкенттегі «Форум сарайы», «Бунедкор» стадионының құрлысына жұмылу үшін келісм шарт жасасқан 20 европалық компания Zeromax-тың шын иесі Г. Каримова деп сотқа шағымданған еді. Zeromax GmbH компаниясы европалық компанияларға 5 млрд АҚШ долларын қарыз болып, 2010 жылы 28 қазанда банкрот жариялаған. Компанияның бұрынғы атқарушы директоры Миродил Жалолов қазір түрмеде отыр.
Енді Швейцария үкіметі бұғатталған қаражаттың иесі Өзбекстан екеніне көз жеткізіпті. Заңға сәйкес ол миллиондарды ресми Ташкент қайтарып ала алады екен.
2017 жылы 28 шілдеде Өзбекстанның Бас прокуратурасы президент қызы Гүлнар Исламқызының 5-жылға бас бостандығынан айрылғаны туралы ақпарат таратқан. Оны салықтан жалтарды, офшорлық компаниялардың құжаттарын жойды, бопсалау ісіне де қатысы бар деп айыптаған-ды.
Дереккөз: Zhasalash.kz