Ақтөбедегі №19 мектептің түлегі пышақ жарақатынан көз жұмды. 17 жастағы Азат Дусуповтың жерлеу рәсімі Бадамшадағы әжесінің ауылында өтпек деп жазады NUR.KZ.
Қайғылы оқиға 17 маусым күні түнде №19 мектепке жақын жерде болған. Оқиға куәгерлері мектеп бітірушілер арасында төбелес болғанын айтуда.
"Төбелес Түргенев көшесіндегі студенттер жатақханасының артында болған. Түнде жатақхананың адамдары жедел жәрдем мен полиция шақырған. Оларды бірден алып кетті. Бірақ біреуі қайтыс болды деп естідік. Қайтыс болған бала №19 мектепте оқиды. Ажалы шығар. Пышақты жүрек тұсына тығып алған. Түнімен полиция жүгіріп жүрді. Жатақхананың арты әлі күнге дейін қан болып жатыр", - дейді Гүлнәр есімді тұрғын.
Үйі мектеп жанында тұратын Азаттың көршілері де марқұмды қимай еске алды.
"Оның ата-анасы жас. Азат төрт баланың үлкені. Екі күн бұрын ғана анасы балам тест тапсыруға дайындалып жатыр деп айтып отырған. Кеше таңертең анасының жылаған дауысынан ояндық. Қимаймыз. Осы жерден өткен сайын амандасып жүретін ақкөңіл бала еді. Баланың денесін Бадамшаға алып кетті. Ол жақта әжесі тұрады. Бұл үлкен немересі деп естідік", - дейді көршісі.
Оқиғаға қатысты №19 мектеп қызметкерлері ешқандай ақпарат бере алмайтындарын айтты. Ал дәрігерлер ауруханаға түскен екінші баланың жағдайы ауыр екенін айтуда.
"Біздің ауруханаға түскен оқушы баланың жағдайы ауыр. Басқа ақпарат бере алмаймыз", - дейді облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Қожин.
Бейресми мәліметтерге сүйенсек, төбелес кезінде мектеп түлектері топ болып жүрген. Куәгерлер арасында қыздардың да жүргені жайлы ақпарат бар.
Марқұм болған түлек үйіне таяқ тастам жерде көз жұмған. Желідегі парақшасына ол ҰБТ-дан 140 балл алуды армандайтынын да жазып қойған. Ал ауруханаға түскен екінші оқушы физик-математика мектебін бітірген.