Алматы қаласының құтқару қызметі Көк-Жайлау учаскесінде жоғалып кеткен қыздарды түні бойы іздестірді деп хабарлайды ҚазАқпарат.
22 маусымда кешкі сағат 19: 48-де Алматы құтқару қызметінің «109» нөміріне әйел адам қоңырау шалып, 15-16 жастағы төрт құрбысымен серуендеуге шыққан қызының тауда жоғалып кеткенін, сондай-ақ олармен байланысқа шыға алмай отырғанын хабарлады. Жас саяхатшылар тауға серуендеуге шыққан екен. Кеш бата таудан түсіп келе жатқан қыздар, күндіз көтерілген жолдарынан адасып, басқа бағытқа бұрылып кеткен.
«Қыздардың ұялы телефондарының қуат көзі таусыла бастаған. Құтқарушылар сол жерге келіп, ұялы телефоны әлі сөнбеген қыздармен байланыс жасауға тырысты. Алынған бағыт-бағдардан кейін іздеу-құтқару операциясы басталды. Күн батып кетуі жолдан адасып кеткендерді іздеуге қиындық туғызды. Бес қыздың да ұялы телефондары сөніп қалғандықтан, олармен байланыс толығымен үзілді. Сондықтан құтқарушылар қосымша қызметті шақырып, адамқандарды іздеу күшейтілген құрамда жалғасты», – деп хабарлады құтқару қызметінде.
Бірнеше бағыттарға бөлініп, жұмыс жасаған құтқару қызметі қыздарды түн жарымда, 22-сінен 23-не қараған түні тапты. Барлығы дін-аман үйлеріне оралды.
Айта кетейік, іздеу жұмыстарына 2 техника және қаланың құтқару қызметі жеке құрамының 8 адамы жұмылдырылды.