$ 447.4  477.55  4.76

22 жастағы павлодарлық Құранды бастан-аяқ жаттап алды

Павлодар облысының тумасы, 22 жастағы Манас Жұмалинов қасиетті Құран Кәрімдегі сүрелерді басынан аяғына дейін түгел жаттап, қари атанды деп мәлімдейді ҚР Мұсылмандары діни басқармасынан мәлім етті.

Павлодар мешітінің өкіл имамы Жолдас Қоспақұлы Павлодар қаласындағы «Мәшһүр Жүсіп Құран жаттау орталығының» шәкірті Манас Жұмалиновты жиналған жамағат алдында таныстырды.

«Жұмалинов Манас Павлодар облысының тумасы, әрі осы облыстан шыққан бірінші қари болды. Ол қасиетті Құран Кәрімнің 114 сүресін басынан-аяғына дейін түгел жаттады. Онысын облысымыздағы білікті имамдардан құралған топтың алдында дәлелдеді де. Бұл біздің үлкен мақтанышымыз», - деді имам.

Имамның айтуынша, қари деп Құранды бастан-аяқ жатқа білетін, тәжуид ғылымын жан-жақты меңгерген, жеті қирағаттың мәні мен ерекшеліктерін, аяттардың тафсирі (тәпсірі, мағынасы) мен түсірілу тарихын, толық білетін адамды айтады.

Өз кезегінде 22 жастағы Манас Құранды түгелімен жаттап алу үшін кеңесін берді.

«Көптеген бауырларымыз «Құран жаттау үшін қандай кеңес бересіз?» деп сұрап жатады. Мен оларға бір ғана негізгі кеңесті беремін - Құранды көп оқу қажет. Қарилар Құранды көп оқып, қайталай беру арқылы қари болады. Құран жаттау - аянбай еңбектенуді талап ететін міндет. Медреседе оқып жүргенде әр күні 10-12 сағатымыз Құран оқуға арналды. Әлихан Бөкейхан атамыз: «Ұлтқа қызмет ету - мінезден» депті. Сондықтан Құран сөзін жүректе ақтық деміне дейтін сақтау үшін, махаббат тұнған жүрекпен қатар, айнымас мінез де керек. Сол үшін мінездің көркемдігі, жүректің қажыр-қайраты, ақылдың сауыты да керек деп ойлаймын», - деді павлодарлық жас қари.

Манас алдағы уақытта Түркия елінде Құранды изажаға тапсыруға дайындалуда.

Бүгінгі таңда «Мәшһүр Жүсіп Құран жаттау орталығында» он шақты шәкірт білім алуда. Орталықтың бағытына сәйкес Құран, Құран тәпсірі, тәжуид, ақида, хадис секілді пәндер оқытылады.

Дереккөз: ҚазАқпарат

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Құран #Қари