Қостанай облысының тұрғыны бөтен біреудің баласына алимент төлеп келген. Бұл жайында ер азамат ДНК сараптамасын жасатқанда білді деп хабарлайды Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі.
«Ерлі-зайыптылар 2012-2015 жылдар аралығында некеде болған. Сол уақыт ішінде қыз бала дүниеге келеді. Кейін күйеуі мен әйелінің арасында кикілжің туып, екеуі ажырасып кеткен. Алайда ер азамат қызына ай сайын алимент төлеп отырыпты. Сондай-ақ, баласымен қарым-қатынасын үзбей, демалыс күндері ата-анасының үйіне алып кетіп жүрген. 2017 жылдың желтоқсан айында бұрынғы әйелі басқа біреуге тұрмысқа шығатынын айтып, оған баладан бас тартуын талап еткен. Сол кезде ер азамат қызының туған әкесі екеніне күмәнданып, ерікті түрде ДНҚ сараптамасын жасатуды ұсынған. Кейін зерттеу нәтижесі бойынша баланың әкесі басқа адам екені анықталады», – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Бұл оқиға ер азамат пен оның ата-анасына ауыр соққы болып тиген. Ендігіде жылдар бойы алданып келген ол бұрынғы әйелінен осы уақытқа дейін алиментке төлеген ақшаны қайтаруды талап етті.
«Бұрынғы ерлі-зайыптылардың дауы сот медиациясының көмегімен шешілді. Арызданушы сот талаптарынан бас тартты. Ал бұрынғы әйелі болса оған енді 502 мың теңге көлемінде қаражат қайтаратын болады», – делінді соттың баспасөз хабарламасында.
Дереккөз: Кstnews.kz