Сайлау науқаны қызып тұрған Пәкістанда шілденің 13-і күні екі жерде болған жарылыстар салдарынан кемінде 133 адам қаза тауып, 230-дан астам адам жараланған. Қаза тапқандарың арасында парламент депутаттығына кандидат та бар деп хабарлады Азаттық билік өкілдеріне сілтеме жасап. Бұл шабуылдар елдің бұрынғы премьер-министрі Наваз Шарифтің жемқорлық айыбымен тұтқындалуына байланысты қоғамда шиеленіс күшейіп отырғанда жасалды.
Полицияның хабарлауынша, елдің оңтүстік-батысындағы Белуджистан аймағының орталығы К ветта қаласы маңында сайлау шеруі өтіп жатқан жерде терроршы өзін жарып жіберген. Шабуыл салдарынан кемінде 128 адам өліп, 200 адам зардап шеккен. Мерт болғандардың бірі – шілденің 25-іне тағайындалған сайлауға түсіп жатқан депутаттыққа кандидат, Авами (Balochistan Awami) партиясының мүшесі Сирадж Раисани екенін ішкі істер министрі Хайдер Әли Шикох растаған. Терактіге жауапкершілікті «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобы алған.
Мұның алдында, жұма күні, тағы бір кандидатты нысанаға алған басқа жарылыстың салдарынан бес адам қаза тауып, 32 адам жараланған болатын. Бұл жарылысқа жауапкершілікті ешкім алған жоқ.
Елдің экс-премьері Наваз Шариф Лондоннан оралған соң Лахор қаласында тұтқындалған. Бұған дейін Пәкістан соты Лондонға ауыр халде жатқан әйелін көруге кеткен Шарифті жемқорлық айыбымен 10 жылға соттаған. Әкесімен бірге Пәкістанға Лондоннан оралған оның қызы Мариям да тұтқындалған, сот оған да жеті жыл түрме жазасын кескен.