Облыста жыл соңына дейін цифрландыру бағдарламасы аясында 37 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Цифрландыру білім беру, денсаулық сақтау, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік салалары бойынша жүргізіледі.
«Біз өзіміздің «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша жоба жүзеге асырылатын пилоттық аудандарды анықтадық, онда біз басымдықпен жұмыс істейміз. Биылғы жылдың соңына дейін біз жоспарланған жобаларды толықтай жүзеге асырамыз», – деді облыстық мәслихаттың кезекті отырысында Қырымбек Көшербаев.
Сондай-ақ, облыста білім беру саласында қыркүйек айына дейін «Электронды балабақша» электронды жүйесіне көшу жоспарланып отыр. Бүгінгі күні бұл жүйе облыс орталығында орналасқан мектепке дейінгі мекемелердің 37,2%-ын ғана қамтиды, бірақ оны іске асыру облыстың аудандарында жоспарлануда. Ата-аналар үшін бұл бала туылғаннан кейін балабақшаға үйде отырып электронды кезекке қоюға, оның жетістіктерін бақылап, содан кейін балабақша қызметіне ақы төлеуге тамаша мүмкіндік болғалы тұр.
Ал, жалпы білім беру мекемелерінде «Күнделік» электрондық журналына көшу жүзеге асырылады. Ақпараттық жүйені қамту қазіргі уақытта 82,3% құрайды. Қыркүйек айына дейін барлық мектептер осы ақпараттық жүйеге қол жеткізетін болады.
Айта кетелік, денсаулық сақтау саласында облыстың барлық медицина ұйымдары интеграцияланған медициналық ақпараттық жүйеге қосылған. Науқастар «Damumed» мобильді қосымшасы арқылы қабылданады.
1 шілдеден бастап медициналық ұйымдарды қағазсыз жұмыс процесіне көшіру жұмыстары толықтай басталып кетті. Осылайша, жылдың аяғына дейін 62 құжат электрондық форматқа аударылады.
Сонымен қатар, мәжіліс мәслихатында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы жайында да сөз қозғалды. Қызылорда қаласындағы Есімхан көшесіндегі 6 көпқабатты үйде жалпы өлшеу құралдары «Ақылды тұрғын үй» жобасына деректерді беру үшін есептегіш құралдарды жабдықтауға арналған «Е-шаңырақ» интеллектуалды жүйесіне өтетін болады. Бұдан басқа, шағын және орта бизнестің өкілдері үшін «open kasipker», агроөнеркәсіптік кешенде - «Агробиржалар» құру, электронды биллинг жүйесі және қоғамдық көлікте автоматты өлшеу жүйесін енгізу жоспарларын жүзеге асыру көзделді.