Режиссер, продюсер Тимур Бекмамбетов Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Теннің идеясы, киножобасының материалдары бойынша фильм түсіретінін айтты. Ол дарынды спортшының қазасы туралы естігеннен кейін, осындай шешімге келген. Бұл туралы ТАСС Агенттігі жазады.
Соңғы уақыттарда Денис Тен киножобасын жүзеге асыруды жоспарлап жүрген.
Ол Screenlife форматында түсірілген фильмімен кино әлеміне қадам баспақ болған еді. Спортшының фильмі құлағы естімейтін бойжеткен мен мылқау жігіттің қарым-қатынасына арналған.
13 шілдеде Мәскеуде Денис Тен өзінің жобасын Screenlife Project халықаралық байқауының аясында таныстырған. Аталған байқауды Bazelevs пен режиссер Бекмамбетов ұйымдастырған-ды.
Мәнерлеп сырғанаушының қайғылы қазасы туралы хабарланғаннан кейін, жанкүйерлері Тимур Бекмамбетовтен спортшының фильмін таспалауды сұрады.
Өз кезегінде Тимур Бекмамбетов Денистің идеясын жүзеге асыруға уәде берді. Ол фильмнің жан-жақты, дарынды тұлғаға арналатынын айтты.
Сонымен қатар режиссер марқұмның отбасына көңіл айтты.
Айта кетейік, 19 шілде күні Алматыда қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді белгісіз біреулер пышақтап кетті. Спортшыны кімнің жарақаттағаны анықталды. Артынша оның қайтыс болғаны ресми түрде хабарланды.
Дереккөз: Stan.kz