Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында 12 жастағы мектеп оқушысы ұшты-күйлі жоғалып кетті. Кеше, 23 шілде күні үйден шығып кеткен қызды туғандары түні бойы іздегенімен, еш нәтиже шықпаған деп жазады NUR.KZ .
Бұл туралы 12 жастағы Дианының әпкесі Самал хабарлаған.
Айтуынша, Диана сабағын өте жақсы оқитын, өз ортасында үлгілі тәртібімен сыйлы оқушы.
«Диана бізде үйден артық бір рет шығып көрмеген. Ол - 12 жаста. Бірақ өз жасынан үлкен көрінеді. Диана 23.07 күні сағат кешкі 20.00-де ешкімге ештеңе айтпастан үйден шығып кетіп, әлі күнге дейін оралған жоқ. Түні бойы іздеумен болдық. Таныстарымыздың барлығына қоңырау шалдық. Құқық қорғау органдарына да хабар бердік. Бірақ нәтиже жоқ. Ол шамамен қара кроссовки, қара түсті шалбар, жасыл жемпір немесе алқызыл түсті күртеше киген болуы мүмкін», - деді ол.