Өрескел қателікпен жазылған көше атауының түзетілмей келе жатқанына жарты жыл уақыт болыпты деп жазады Аltaynews.kz.
«Шәкәрим даңг» деген көше жайлы естуіңіз бар ма? Онда Семей қаласына асығыңыздар. Басқа-басқа, бірақ ұлы ойшылдың туған жерінде мұндай қателікке жол берілетінін ешкім ойламаса керек. Сорақысы сол, бұл жазудың түзетілмегеніне жарты жылға жуықтаған.
Өрескел қателікпен жазылған көше атауы Шәкәрім даңғылы мен Уəлиханов көшесінің қиылысында ілулі тұр. Бір қарағанда көрмеуіңіз бек мүмкін. Əйтсе де бағдаршамның астына зер салсаңыз масқараның куәгері боласыз. Əсіресе сұмдық көрініс ақшамнан кейін бағдаршамның қызыл-жасылымен мен мұңдалайтын көрінеді. Осы ретте əкімдікке хабарласып, аталмыш мəселенің анық-қанығын сұрауды жөн санадық. Міне қызық, даулы жазу туралы биліктегілер хабардар болып шықты.
Сенесіз бе, «Шəкəрим даңг» деген жазудың ілініп тұрғанына жарты жылдай болыпты. Қалалық мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің жетекші маманы Маржан Бахатова, бұл жөнінде Тұрғын үй- коммуналды шаруашылық бөліміне тиісті хат жолданып, шара қабылдауды өтінгенін алға тартты. Бірақ та сең қозғалар емес. Осы уақытқа дейін ол жақта да бөлім басшысы ауысып, бұл сұрақ ұмытылған сыңайлы. Осыдан-ақ дербес бөлімдердің өзара байланысын бағамдай беруге болады.
Айта кетейік, биыл Алаш арысы Шəкəрім Құдайбердіұлының туғанына тура 160 жыл толды. Жоғарыдағы олқылыққа қарағанда, оның мерейтойына қала билігі дайын еместей əсер қалдырды.