Шығыс Қазақстан облысының Ақкөл ауылындағы бір ғасырдан астам тарихы бар сәулет ескерткіші қирау алдында тұр деп жазады Хабар-24.
Оның ерекшелігі, ағаштан салынған ғимаратта бірде-бір шеге қолданылмаған. Кезінде мешіт болған нысан, біраз жылдан бері апатты жағдайда тұр. Іргетасы жермен жексен болып, ағаш белдіктері әбден шіріп кеткен.
Бұл мешітті осыдан 111 жыл бұрын жергілікті Сұлтан Фазылбеков есімді азамат салған екен. Ғимараттың құрылыс жұмыстарына Башқұртстанның ең мықты деген сәулетшілерін жұмылдырыпты. Ал құрылыс материалдары бүкіл Ертіс жағасындағы елді мекендерден жеткізілген көрінеді. Ғимарат мешіт ретінде 10 жыл ғана пайдаланылған. Кейіннен Кеңес үкіметінің тұсында мұнда бастауыш мектеп болған.
Биыл жазда бұл ғимаратқа облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының мамандары да қызығушылық танытыпты. Нысанды жан-жақты зерттеген олар, мұнда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында жөндеу жұмыстарын жүргізетін болып шешкен.
Бауыржан Баталов, Бесқарағай ауданы әкімінің орынбасары:
– Ақкөл мешіті бүгінгі күні қатаң бақылауда тұр. Осы маусым айында облыстық мәдениет басқармасынан жұмыс тобы келіп, зерттеп кеткен болатын. Мешіт жөндеуден өткізіледі. Бірақ қашан, қай уақыттарда болатыны белгісіз. Оны сол жұмыс тобы шешетін болады.
Мешітті қалпында сақтап қалуды мамандар бұрын да қолға алған екен. Алайда оны облыс орталығына апарып қоймақ болған. Бірақ бұған жергілікті тұрғындар қарсы болыпты. Енді алдағы уақытта аталған ғимарат Ақкөл ауылының сәніне айналады деген сенім мол.