12.08.2018, 08:33

Ташкент ондаған этникалық өзбекті елге кіргізбей отыр

Шетел азаматтарына айналған ондаған бұрынғы өзбекстандық елде туристік виза беру тәртібі оңайлады деген жаңалықтан қанаттанып, Ташкентке баруға жиналған. Бірақ оларға туған еліне кіруге рұқсат бермей қойған деп жазады Азаттық.

Олардың көбі - эмиграцияда өмір сүріп, өзге елдің азаматтығын алған Өзбекстанның бұрынғы азаматтары немесе 2014 жыл марқұм президент Ислам Каримовтың жарлығымен Өзбекстан азаматтығынан айырылған оппозиционерлер, құқық қорғаушылар, журналистер және олардың туыстары.

ЕЛГЕ КІРУДІҢ ЖАҢА ТӘРТІБІ

Бір ай бұрын Өзбекстан электронды виза жүйесін енгізіп, 101 мемлекеттің азаматтары үшін визасыз кіру тәртібін енгізген.

Президент Шавкат Мирзияев шілденің 4-і күні қол қойған "Шетел азаматтарының Өзбекстан Республикасына кіру тәртібін оңтайландыру шаралары туралы" қаулысына сәйкес, 101 елдің азаматтары электронды виза алу үшін 20 АҚШ доллары көлемінде консулдық төлем төлеп, Өзбекстанға үш күнге бара алады.

Бұдан бөлек, президент Мирзияевтің қаулысымен транзит арқылы Өзбекстан территориясына келген 101 мемлекеттің азаматтары үшін елге визасыз кіру, елде уақытша болу және тексеріп, өткізу бекеттері арқылы Өзбекстаннан шығу тәртібі де жаңарды. Олар елдің халықаралық әуежайларында бес тәулікке дейін бола алады.

"ӨЗБЕКСТАНҒА ТУРИСТ РЕТІНДЕ БАРА АЛМАЙ ОТЫРМЫЗ"

Төрт жыл бұрын АҚШ азаматтығын алған 61 жастағы Өзбекстан тумасы Исокжон Закиров ресми Ташкент 100-ден аса мемлекет азаматтары үшін электронды виза беру процедурасын жеңілдетті деген жаңалықты естіп, 12 жылда алғаш рет туған еліне баруды ұйғарған.

Алайда Өзбекстан билігі Закировқа туристік виза беруден бас тартқан.

– Бәлкім, олар әлі оппозицияда болғаным үшін виза бермей отырған шығар. Бірақ мен АҚШ азаматымын ғой, Өзбекстан азаматтығынан айырылған адаммын. Өзбекстанға турист ретінде бір айға ғана барғым келеді. Ол жақта ұзаққа қалайын деп отырғам жоқ. Бірақ маған туристік визаны бәрібір бермей жатыр, - дейді Азаттықтың Өзбек қызметінің ("Озодлик") тілшісіне Исокжон Закиров.

Закиров сияқты туристік виза ала алмай жүрген өзге азаматтар да бар.

Өзбекстанда туып-өскен, бірақ Ұлыбританияда тұрып жатқанына шамамен 15 жыл болған "Ахмад қажы Хорезми" деген есіммен танымал 71 жастағы топырақ зерттеушісі, ғалым Ахмад Хасановқа да туристік виза бермей қойған.

Ол Азаттық тілшісіне туристік виза алу үшін Лондондағы Өзбекстан консулдығына құжаттар өткізгенін, бірақ кейінірек оған "сізге виза берілмейді" деп хабарлағанын айтты.

– Құжаттарымды өткізіп қойып 10 күн күттім, бірақ ешқандай жауап болмады. Ақыры консулдыққа өзім қоңырау шалдым. Олар бұл мәселені Ташкент шешетінін айтты. Консулдық қызметкерлері "Біз мұнда пошташының рөлін ғана атқарамыз" деді. Кейін төлқұжатымды қайтарып берді, ал Өзбекстанға туристік визаны сол күйі ала алмадым, - дейді ғалым.

Шетелде тұрып жатқан кейбір этникалық өзбектер жақында қабылданған жаңа ереженің артықшылықтарын да пайдаланғысы келген. Яғни, шетел азаматы ретінде Өзбекстан территориясында тым құрғанда бес күнге дейін қалу жағын ойластырған.

Парижде орналасқан халықаралық "Жалындаған жүректер клубы" құқық қорғау ұйымының жетекшісі Мутабар Таджибаева Өзбекстанның марқұм президенті Ислам Каримов 2014 жылғы 16 шілдеде қол қойған "Өзбекстан Республикасы азаматтығынан айыру туралы" №ПФ-4624 жарлықты заңсыз деп танып, күшін жоюды және еліне қайтқысы келетін жандардың бәріне елге оралуға рұқсат етуін сұрап, ел президенті Шавкат Мирзияевке ашық хат жазған.