$ 486.44  534.31  5.06

Тасқалалықтар жер баптап, берекеге кенелуде

Ақ Жайық өңірінде егін орағы өз мәресіне жете бастады. Егіс алқабы бар аудандар арасынан тасқалалықтар бірінші болып астық жинауды аяқтады.

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Биыл Тасқала ауданында Амангелді, Тасқала, Мерей, Достық, Ақтау ауылдық округтеріндегі шаруашылықтар жалпы аумағы 19,08 мың гектар жерге жаздық дақылдарды еккен еді. Орташа шығымы гектарына 5,3 центнерден өнім алып, 500 мың тоннадай астықты қамбаға құйды.

Енді тасқаладық диқандар майлы дақылдарды жинауға кіріспекші. Бұл дақылдар биыл 3,04 мың гектар жерге (күнбағыс 0,83 мың га., мақсары 2,21 мың га.) егілген екен. Ал 3,92 мың гектарға мал азықтық дақылдар (2,43 мың гектар жерге біржылдық судан шөбі, 1,48 мың гектарға көпжылдық шөптер) салынған.

Жергілікті агроқұрылымдар күздік бидай себуді бастап кетті. Биылға 4,7 мың гектарға күздік дақылдар егу жоспарланса, қазір соның елу пайыздайы себілді.

Тасқала аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Хамит Омаровтың айтуынша, мұнда мал азығын дайындау да қарқынды жүруде. Биыл қысқа 30 мыңнан астам ірі қара, 70 мыңдай қой мен ешкі, 8 мыңдай жылқы кірмекші. Олар үшін 78,8 мың тонна шөп дайындау жоспарлануда. 3 қыркүйектегі жағдай бойынша 64 мың тонна (82 пайыз) шөп дайындалды. Айта кету керек, оның 1,5 мың тоннасы өткен жылдан қалған болса, қалған 62,5 тоннасы биылғы шабылған шөп.

15 мыңға жуық тұрғыны бар Тасқала ауданының топырағы құнарлы. Сол себепті жергікті халықты бақша және көкөніс өнімдерімен қамту мақсатында тұрғындардың бау-бақша егуіне барынша жағдай жасалып отыр. Соның нәтижесінде биыл 255 гектар жерге картоп пен бақша өнімдері егілді. Қазір оның 98 гектарынан өнім жиналды.

Өнімділік гектарына 121 центнерді құрауда. Мамандар мұндай өнімділік аудан халқын бақша өнімдерімен толық қамтуға жететінін айтады.

Ернар ХАЙДАР,
Батыс Қазақстан облысы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары