Павлодар облысында 2018 жылы су айдындарында 24 адам батып кеткен деп жазады pavlodarnews.kz. Бұл туралы Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары Серік Шериязданов мәлім етті.
«2018 жылы облыстың су айдындарында 46 адам зардап шекті, олардың 25-і бала. 24 адам оның ішінде 8 бала суға батып кетті. Жедел құтқару жасағының қызметкерлерімен 14 адам құтқарылды. Олардың 10-ы бала. 8 адам оның ішінде 7 бала эвакуацияланды. Ересектер арасында жазатайым оқиғалардың басты себептері мас күйінде суға түсу болып табылады. Ал, балалардың ішінде ересектер жағынан қажетті бақылаудың болмауы», – деді Серік Шериязданов.
Спикердің айтуынша, шомылу маусымы кезеңінде 346 рейд жасалып, 16 мың жадынама және бүктемелер таратылды. Рейдтік іс-шаралар барысында жергілікті полиция қызметімен бірге әкімшілік жауапкершілікке 440 бап бойынша (спирттік ішімдіктерді ішу) 144 адам тартылды.
Айта кетейік, 2018 жылдың шомылу маусымында облыста арнайы 27 жағалау жұмыс жасады. Осы жағалауларда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдармен 107 қоғамдық құтқарушы бөлінді. Олардың ішінде 102 адам оқудан өтіп, құтқарушы куәлігін алды.