$ 481.84  531.33  5.07

«7-20-25» бағдарламасына өзгерістер енді

Бүгінде «7-20-25» бағдарламасы бойынша тек дайын құжаттары бар баспанаға ғана ипотека беріледі. Ал пәтерлердің басым бөлігі құрылыс жұмыстары кезінде сатылып кетеді. Содан жаңа бағдараламаға баспана аз қалады. Осыған байланысты «7-20-25» аясында арнайы тұрғын үйдерді салу жоспарланған деп жазады ҚазАқпарат.

«Баспана» ипотекалық компаниясының басшысы Қайрат Алтынбековтың айтуынша, бүгінде бағдарламаға өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес, «7-20-25» аясында жергілікті әкімдіктерге 150 млрд теңге бөлінеді. Ол ақшаға жаңа үйлер салынуы тиіс.

«Мәселен, қазіргі кезде Солтүстік Қазақстан мен Түркістан облыстарында «7-20-25» бағдарламасы бойынша берілген ипотеканың көлемі тым аз. Себебі, аталған өңірлерде жаңа тұрғын үйлер көп емес. Осыған байланысты Ұлттық банк «Баспана» ипотекалық компаниясымен бірлесе отырып, «7-20-25» бағдарламасына өзгеріс енгізді. Оған сәйкес, біз бағдарлама аясында салынатын жаңа үйлерді арттыру үшін шамамен 150 млрд теңгені бөлуге әзірміз»  - деді Қ.Алтынбеков Астанада өткен баспасөз мәслиxатында. 

Оның сөзіне қарағанда, жаңа бағдарламаға сұраныс жоғары. Алайда, ұсыныс мардымсыз болып тұр. Мәселен, осы уақытқа дейін екінші деңгейлі банктерге 26 млрд теңгеге өтінімдер түсті. Соның ішінде 18 млрд теңгенің ипотекасы мақұлданды. Ол - шамамен 1 500 пәтер. 

Айта кетейік, бүгіннен бастап «Баспана-Хит» атты жаңа ипотека беріле бастады. Оған қайталама нарықтан пәтер сатып алуға болады. Алғашқы жарнаның көлемі өзгермейді. Алайда, проценттік мөлшерлеме Ұлттық банктің ставкасына байланысты болады.

«Мәселен, Ұлттық банктің базалық ставкасы 9 процентті құрайды. Оған тағы 1,7 процент қосылады. Осылайша, «Баспана-Хит» бағдарламасы бойынша проценттік мөлшерлеме 10,7 болады. Ипотеканың мерзімі - 15 жыл. Ал бастапқы жарнаның мөлшері 20 процент болып қала береді», - дейді Қ.Алтынбеков.     

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары