Түркістан облысындағы мектептің біріндегі оқушылардың ата-аналары мұғалімді жұмыстан шығаруды талап етіп отыр. Олар мұғалімнің туберкулездің ашық түрімен ауырғаны туралы біліп қойған деп хабарлайды 31-арна.
Бірақ, оқушылар тексеруден өткен, ешқайсысынан аталған аурудың белгілері анықталмапты.
«Өткен жылы біз ата-аналар болып ол мұғалімді жұмыстан шеттеткен болатынбыз. Өйткені ол туберкулездің ашық түрімен аурады екен. Біздің қала кішкентай, үлкен дау туған болатын. Алайда, жазғы демалыстан кейін мұғалім мектепте қайтадан жұмыс істеп жүр», – дейді ата-аналар.
Ал мектеп директоры болса, мұғалімге ұзақ ем алу курсынан кейін жұмысқа шығуға болатыны туралы рұқсат қағазы берілгенін айтып отыр.
«Ол бір жыл ем қабылдады. Оның қолында жұмысқа шығуға болатыны туралы рұқсат қағазы бар. Бірақ ата-аналар мұғалімнің мектепте жүруіне қарсылықтарын білдіруде. Сол үшін де оны лаборант қызметіне алған болатынбыз», – дейді Шардара қаласындағы М.Горький атындағы мектеп директоры Сапаргүл Ханмұрзаева.
Қан алынған 12 оқушыдан аурудың еш белгісі жоқ болғанымен ата-аналар әлі де алаңдаулы.
«Егер науқас толық емдеу курсынан өткен болса, онда ата-аналардың уайымға салынбағандары жөн», – дейді Түркістан облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің дәрігері Қарлығаш Қапанова.
Жергілікті емхананың мамандары ата-аналар мен оқушыларын өздеріне сенімді болу үшін қан өткізіп, тексеруден өтулерін сұрады.